1 тақырып. Инноватика теориясының қалыптасуы
1 лекция
1. Жалпы инновация түсінігі.
2. ҚР инновациялық қызметтер туралы заңы.
3. Инновациялар мен инновациялық тиімділік түрлері.
1. Инновация ұғымы алғаш рет ХІХ ғасырда мәдениет танушылардың зерттеуінен пайда болды, яғни бір мәдениет түрлерін, екінші ел мәдениетіне енгізу дегенді білдірген және бұл ұғым этнографияда бүгінгі күнге дейін сақталған.
Инновация (латын сөзі – жаңа) жаңа, жаңалық, жаңарту дегенді білдіреді. С.И.Ожегов сөздігі бойынша: инновация бірінші рет шыққан, жасалған, жуық арада пайда болған, бұрынғының орнын басатын, алғаш ашылған, бұрыннан таныс емес енгізілген жаңалық.
Экономикалық әдебиеттерде «инновация» терминінің көптеген анықтамасын кездестіреміз, олар қатарында:
жаңа немесе жетілдірілген өнім, технологиялық ұрдіс түрінде жүзеге асырылатын санаткерлік және өнімділік қызметтің соңғы нәтижесі;
жаңа немесе жетілдірілген нарыққа енгізілген өнім түрінде, жаңа немесе жетілдірілген технологиялық тәжірибеде қолданыс табатын үрдіс түріндегі инновациялық қызметтін соңғы нәтижесі;
қоғамның әртүрлі аясындағы қызметтің үрдісін және оның нәтижелерін жетілдіруге бағытталған интеллектуалдық қызметтің нәтижелерін қолдану;
жаңа және жетілдірілген тауар түрінде немесе экономикалық айналымда қолданылатын технологиялық үрдіс ретінде алынған интеллектуалдық шығармашылық еңбектің соңғы нәтижесі.
Оксфортдың түсіндірме сөздігінде төмендегіше ауқымды мағына берілген: «Конструкциялаудың, тауар өндірісі немесе оны өткізудің кезкелген жаңаша әдісі, бұны енгізген инноватор немесе компания қандай да бір бәсекелік артықшылыққа ие болады. Патенттерді қолдана отырып табысқа қол жеткізген инноватор уақытша монополист болғанымен, қандай да бір мерзімнен кейін бәсекелестер де табысты нарыққа кірудің әдісін табады. Кейбір компаниялар өнімнің жаңаша түрін қалыптасқан сұранымға қарай бейімдесе, басқалары жаңа нарықтар құрай алатын технологиялық жаңалықтар енгізіп отырады».
Көптеген ғылыми ізденістерде, соның ішінде еліміздегі экономикалық әдебиеттерде инновация ғылыми-зерттеу үрдісінің тікелей жалғасы ретінде қарастырылған. Бірақ, экономикасы инновацияға қарай бет бұрған көптеген елдер тәжірибесінен инновацияның ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) жүргізумен ғана емес, сонымен қатар оның нәтижелерін пайдалануда қол жеткен табыстарымен анықталатынын байқауға болады. Инновациялық жаңалықтар ғылыми жетістіктерге сүйене отырып, тауар өндірушілердің тұтынушылармен, жабдықтаушылармен және бәсекелестермен нарық конъюнктурасына сәйкес ақпараттары байланыста болуын қажет етеді.
Осыған байланысты инновацияны әзірлеу үшін қажетті білімнің ғылыми үрдістің жүру барысындағы білімнен айырмашылығы болады. Бұл айырмашылық инновациялық қызметтегі өзара байланысты қызметтердің жиынтығынан тұрады.
Дәуренбекова А.Н. кәсіпорын қызметіне байланысты инновация терминіне өзінің анықтамасын былай деп береді: «Өндірістік кәсіпорынның бәсекеге қабілетін көтеру мақсатында жаңа және жетілдірілген тауар өндіруді ұйымдастыруға бағытталған техникалық, технологиялық ғылыми жаңалықтарды енгізу бағытында жүргізілетін шаралардың жиынтығын және соның нәтижесінде қол жеткізуге болатын экономикалық және әлеуметтік салдары».
«Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы» ҚР заңыңда инновация - өндiрiстiң және қоғамды басқарудың түрлi салаларына енгiзiлуi экономикалық тұрғыдан тиiмдi және (немесе) әлеуметтiк, экологиялық тұрғыдан маңызды болып табылатын, зияткерлiк меншiк объектiсi болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтiң нәтижесi деп түсініктеме берілген.
Do'stlaringiz bilan baham: |