ГЛОСАРИЙ
Поэтика- (грек тілінде poietik fehne — шығармашылық өнер) — әдебиеттанудың пәні, көркем шығарма құндылығын бар болмысымен айқындайтын жүйе туралы ғылым. Поэтика негізгі 3 саланы, мәтіннің дыбыстық, сөздік, образдық құрылымын зерттейді.
Поэтиканың басты мақсаты — осы үш саланың толық жүйеленген эстетикалық амалдарын анықтау. Кең мағынасында поэтика әдебиет теориясымен үндес ұғымды білдірсе, ал нақтылы мағынада сол теориялық әдебиеттің бір саласы ретінде қабылданады. Әдебиет теориясының саласы ұғымындағы поэтика әдеби тек пен түрдің, ағым мен бағыттың, стиль мен әдістің ерекшеліктерін зерделейді, сондай-ақ көркемдік тұтастық деңгейлерінің ішкі байланыс заңдылықтарын, олардың ара қатынасын зерттейді. Оның өзі зерттеу нысанына байланысты романтизм поэтикасы, романның поэтикасы немесе белгілі бір суреткер шығармаларының поэтикасы не көркем шығарма поэтикасы болуы мүмкін. Әдебиеттегі бейнелеу құралдарының тілге қатыстылығын ескерсек, онда поэтика көркемдік құралдар тілін зерттейтін ғылым ретінде де танылады (мысалы, көркем әдебиеттің тілі). Поэтиканың мақсаты шығарма құндылығын, эстетикалық әсер қалыптастыратын мәтін элементтерін айқындап, оны жүйелеу болып табылады (мысалы, лирикалық өлеңдерде ырғақ, ал прозада сюжет басты рөл атқарады). Поэтикалық жүйе ізденістері нормативтік поэтика құруға алып келді (классицизм дәуірі мен 19 ғ-дағы Еуропа әдебиетінде). Поэтика жалпы (теориялық немесе жүйелік “макропоэтика”), жеке баяндау (“микропоэтика”) және тарихи болып үшке бөлінеді. Жалпы поэтиканың мақсаты мәтіннің дыбыстық, сөздік және образдық құрылымын қамтитын әдістердің жүйелі жиынтығын (эстетикалық ықпалды элементтер) жасау болып табылады. Шығарманың дыбыстық жағын (ырғақ, бунақ, ұйқас, өлең өлшемі, дыбыс толқыны, т.б.) негізінен өлеңтану ғылымы қарастырады.
Образ, көркем образ – шындықты танып-білуде әдебиет пен өнерге тән ерекше эстетикалық категория. Көркем шығармада сөзбен сомдалған кез келген құбылысты (көбінесе әдеби қаһарман бейнесін) Образ деп атайды. Мысалы: М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы халық Образы, Абай Образы – өнер мен халықтың немесе өнер мен сананың арасындағы арнайы байланысты негіздейтін эстетикалық категория. Көркем образда объективті-танымдық және субъективті-творчестволық бастау өзара бірлікте көрініс табады. Образ нақты шындыққа және ойлау процесіне байланысты айқындалады. Образ тек шындықты бейнелеп қана қоймай, оны жинақтайды. Жекелеген оқиғалар негізіне жалпылама түсінік беретін түйін жасайды. Әр суреткер жасаған образ шындыкты өзгеше, жаңа бір қырынан творчеств. Тұрғыдан түсіндіруді мақсат етеді.
Образ – сөзбен баяндалған сурет. Көркем шығармадағы түп төркіні бейнеден, суреттен шыққан әрбір сөз бедерлі бейнеге, тірлікке, әрекетке ие болғанда образға айналады. Образдың мақсаты кез келген қарапайым құбылысқа немесе затқа жан бітіріп сөйлеу (Мысалы, Күлімсіреп аспан тұр, Абай). Кез келген образ заттық және мағыналық екі компоненттен тұрады. Осыған орай ол іштей заттық, жалпылама-мағыналық және құрылымдық деп үш түрге жіктеледі.
Образдың заттылығы бір сөзбен ғана берілген сипаттамадан бастап, оқиғаны жіліктеп, оның жай-жапсарын тереңдете суреттеуге (пейзаж, портрет, көңіл-күй) дейін қамтиды. Ол бүкіл сюжеттік желіге (өлеңнің, әңгіменің, т.б.) негіз болып тартылуы да мүмкін. Жалпылама мағыналық образ іштей дербес ұқсас, типті және мотив-образ, топос, архитип болып бөлінеді.
Do'stlaringiz bilan baham: |