ОМБОПА БІЗГЕ ҚЫЗМЕТШІЛІККЕ ТҰРАДЫ
Кейптауннан Дурбанға теңіз арқылы жету үшін ауа райына, кеменің жүріс жылдамдығына орай төрт-бес күн кетеді. Қаншама ақша жұмсалғанына қарамастан, Ист-Лондондағы1 порт құрылысы əлі аяқталған жоқ. Сондықтан тамаша жабдықталған, мақтала-мақтала əбден құлағымызды сарсытқан порттағы айлаққа тоқтаудың орнына кемелер əлі күнге дейін жағадан алысқа леңгір тастайды. Егер теңіз тыныш болмаса, кемелер жолаушылар мен жүкті алатын қайық тіркемелі буксирлердің жағалаудан шығуын күтіп, əлденеше тəулік бойы тұрып қалатын да реттер ұшырайды.
Бақытымызға қарай, біздің олай күтуімізге тура келмеді. Біз Ист- Лондонға жеткен кезде теңіздегі толқын жоққа тəн екен. Соңына тізбектеп өңкей бір сұрықсыз, жалпақтабан шлюпкалар тіркеген
буксирлер жағадан қолма-қол шықты. Олар келісімен-ақ біздің кемеден тай-тай боп буылған тауарларды лақтыру басталды да кетті; қай теңде не барына ешкім назар аударар емес: жүн-жұрқа да, фарфор шыны да төмен қарай ұшып, бірінің үстіне бірі үйіліп жатыр.
Палубада тұрып мен төрт дюжина шампан толтырылған жəшіктің күлпарша боп сынғанын көрдім. Шымырлап қайнаған шарап бұрқ етті де, жүк қайығының кір-кір түбі ақ көбікке толып кетті. Соншама тамаша шараптың бос ысырап болғаны обал-ақ еді. Мұны қайықтағы хамбал кафрлар да бірден аңдаса керек. Көп сынықтың арасынан əлдеқалай бүтін қалған екі бөтелке тауып алды да, мойындарын қағып жіберіп, түбіне дейін төңкеріп ішісті. Шампан бірден-ақ бастарына шығып, бəрі де мас боп қалды.
Кафрлар мұндай ғаламатты күтпесе керек, зəрелері ұшып, əлгі ішімдік “тагати” – яғни дуаланған екен деп шуласып, қайықтың түбіне жатып ап домалай бастады. Мен мас кафрлармен тілге келісіп, олардың шынында да ақ адамдар дайындаған ең сұмдық уды ішкенін растадым, енді бəрінің де өлуге тиіс екенін айттым. Бойын үрей буған кафрлар тегіс ескекке жармасты, сол сəтінде-ақ қайық жағаға қарай зулай жөнелді. Бұлардың енді қайтып ешқашан да шампан атаулыны аузына алмасына мен кепіл.
Натальға дейін жол бойы тек сэр Генри Куртистің ұсынысы туралы ойладым. Жұбымыз жазылмағанына қарамастан, алғашқы екі күн бойы бұл мəселе жөнінде сөз көтергеміз жоқ. Сэр Генри мен капитан Гудқа өзімнің аңшылық кезінде бастан кешкен оқиғаларым жайынан əңгімелеп бердім. Көптеген аңшылардың əдетінше ойдан ештеңе шығармадым, тұздықтап, əсірелегем де жоқ. Мен біздердің, африка аңшыларының өңдеп айтуы, өтірік айтуы қажетсіз деп білем.
Басымыздан адам сенгісіз, айтып тауысқысыз небір таңғажайып оқиғалар өтіп жатады. Дегенмен бұл төңіректегі хикаялардың менің кітабыма қатысы жоқ.
Ақыры, қаңтардың мамырлы күндерінің бірінде, (бізде қаңтар – ең ыстық ай ғой) қаңтардың жайсаң күндерінің бірінде кеме Натальға жақындады.
Күн бата Дурбан мүйісін айналып өтеміз деген есеппен көрікті жағалауды бойлай жүзіп келеміз. Құбыла қызарған құм шағылдары, кафрлардың краальдарын көрікке бөлеп, көз жетер көкжиекке дейін созылып жатқан ашық көк-жасыл түсті дала бұл тұста жағалауға көз тойғысыз сұлу кейіп береді.
Бірін-бірі тынымсыз қуған толқындар жағадағы жартасқа соғылып, көкке шапшиды да, суға қайта құлап, ақ көбікке бөленеді, мұндай қар түстес ақ жолақ жағалаудың ұзына бойына созылған.
Əйткенмен Дурбанның түбіндегі табиғат көркі осының бəрінен де басым түседі. Қырқалардың арасындағы, əлденеше ғасырлар бойы жауынның сел тасқыны іреп-сойып, тереңдеткен шатқалдар арқылы күнге шағылыса ирелеңдеп өзендер ағып жатыр; құдай тағаланың өз қолымен егілгендей күргейленіп тұрған бұталардың пердесінде ара- тұра нан ағаштарының тоғайы мен қант құрағы егілген плантациялар көрінеді. Кейде осы тұнып тұрған көк желектің арасынан кіп- кішкентай, аппақ үйлер көзге шалынып қалады; мұңсыз, қамсыз тыныш теңізге мейірлене қарап тұрған жанды бейне тəрізді; бүкіл төңіректегі əсем табиғаттың кемісін толтырып, көркіне көрік қосқандай.
Менің ойымша, табиғат қаншама сұлу болғанымен, адам жоқ жерде тұл. Маған солай көрінуі – адам аяғы баспаған иен түзде көп тұрғанымнан да болар. Мен жан-жануарлар əлеміне жұт əкелгенімен де, өркениеттің қадір-қасиетін мансұқ етпеймін. Ұжмақ бағы, əрине, адамзат жаралғанға дейін де сұлу болды, бірақ Хауа серуендей бастаған кезде ғана бұрын қаңырап тұрған бақ өзінің шын көркін тапса керек.
Хикаямызға оралайық.
Есептен сəл қателескен екенбіз, кеме Дурбан мүйісіне таяу жерге леңгір тастап, қала тұрғындарына Англиядан пошта келгені туралы хабарлаған зеңбірек даусы естілген шақта қас қарайып қалған-ды. Жағаға шығуға тым кеш; біз құтқарушы шлюпкаға поштаны қалай тиегеніне қарап сəл тұрдық та, кешкі асымызды ішуге кеттік.
Палубаға қайта көтерілсек, жаңа туған ай сəулесі теңіз бен жағалауды ақ нұрға бөлеген екен. Маяктың жымың қаққан оттары ақ сүттей төгілген ай жарығымен салыстырғанда, өлесі, бозғылтым көрінді.
Жағадан сүйкімді хош иіс келді, бұл хош иіс қашанда діни ғибадат кезінде айтылатын əндер
мен миссионерлерді есіме түсіретін. Береа жағалығындағы үйлер шаңқан жарыққа бөленген. Біздің қасымыздағы үлкен мүйістен теңізге шығуға дайындалып, леңгір көтеріп жатқан матростар салған əн мен музыка əуені естіледі. Тамаша тыныш түндердің, Оңтүстік Африкада болатын ғажайып түндердің бірі еді. Күміс айдың бүкіл төңіректі ақ сəулеге бөктіргеніндей, осы сырлы түн де жер бетіндегі жан иесін тегіс тылсымға бөлеген. Басқаны былай қойғанда, біздің жолаушылардың бірінің алпамсадай төбетінің өзі осы салтанатты тыныштық əсерімен, күндегі əдетінше палубаның алдыңғы жағында тор ішінде тұратын маймылға ырылдауды да ұмытып, рақат ұйқы құшағында жатыр; бəлки, ол түсінде маймылды өлтіріп, ұшпаққа шығып отырған да болар.
Біз, яғни сэр Генри Куртис, капитан Гуд жəне мен үшеуіміз штурвалдың қасына барып отырдық.
Ал, мистер Куатермэн, – деді сэр Генри бірер минуттық үнсіздіктен соң бар денесімен маған қарай бұрылып, – менің ұсынысым жайлы ойландыңыз ба?
Иə, иə! – деді іле-шала капитан Гуд та. – Қалай шештіңіз? Сіз біздің экспедицияға қатысатын шығар деп үміттенем. Егер сіз Сүлеймен кенішіне дейін баруға ғана емес, өзіңіз Невилль дейтін ата-тегімен танитын джентльмен жүрген жерлерді тегіс бізбен бірге адақтап шығуға келіссеңіз – бұл біз үшін үлкен бақыт болған болар еді.
Мен үнсіз қалыпта орнымнан тұрдым да, бортқа келіп, қалиянымды қаға бастадым. Не айтарым өзіме де күңгірт-ті, түбегейлі шешімге тоқтауым үшін тым құрыса бірер минут мұрсат қажет.
Темекінің шала жанған күлі қараңғыда жылт ете түскен сəтте мен де түпкілікті шешім қабылдап үлгердім – келісем. Өмірде көбіне осылай болады: сіз қаншама уақыт бойы не істеріңізді білмей толқып, əрі-сəрі боп жүресіз де, əлдеқалай қас қағым мезетте біржола бел буасыз.
Жақсы, мырзалар, – дедім өз орныма қайтадан отырып. – Мен келісем. Рұқсат етсеңіз, ұсынысыңызды неге жəне қандай шарттармен қабылдайтынымды айтып берейін. Шарттардан бастаймын.
Бірінші. Саяхатқа байланысты барлық шығындарды сіздің төлейтініңіз өз алдына, сапар кезінде біз қолға түсірген піл сүйегі жəне басқадай құнды мүліктерді түгелдей капитан Гуд екеуіміз тең бөлісіп олжалаймыз.
Екінші. Біз жолға шықпастан бұрын маған алда көрсетпек қызметім үшін бес жүз фунт стерлинг төлейсіз. Мен ойға алған ісіңізден өзіңіз бас тартқанға дейін, немесе біз ортақ мақсатымызға жеткен, я бəріміз бірдей қазаға ұшырағанға дейін сізге адал қызмет жасауға міндеттенем.
Үшінші. Мен қаза тапқан, я мүгедек боп қалған жағдайда Лондонда дəрігерлік оқуда жүрген ұлым Гарриге бес жыл бойы жылына екі жүз фунт стерлинг ақша төлеп тұруға міндеттенесіз, оны біз Сүлеймен тауына аттанғанға дейін қағаз жүзінде заңдандырасыз. Бұл бес жыл ішінде Гарри өз күнін өзі көре алатын дəрежеге жетеді, ал одан қалса, бəрібір адам болмайтын болғаны.
Мен қоятын шарттар осындай. Тым көп сұрап тұр деп ойламайсыздар ма?
Жоқ, жоқ, – деді сэр Генри жік-жапар боп. – Сіздің барлық шарттарыңызды да қуана-қуана қабылдаймын. Мен қайткенде де інімді іздеу сапарына шықпақпын, ешқандай күш мені бұл жолдан айныта алмайды. Сіздің тəжірибеңіздің молдығын жəне осы іс жөнінде елден ерекше хабардар екеніңізді ескере келе, бұдан əлдеқайда көп сұрасаңыз да төлеуге əзірмін.
Онда бұдан көбірек сұрамағаным өкінішті. Бірақ мен айтқан сөзімнен ешқашан да қайтпайтын адаммын. Ал енді өзімнің не себепті осындай алыс əрі қатерлі сапарға бел буғанымды айтайын. Алдымен айтарым, мырзалар, осы бірге жүрген күндердің бəрінде мен сіздерді тануға, білуге тырыстым; сөзімді өрескел көрмеңіздер: маған екеуіңіз де ұнадыңыздар. Біз үшеуіміздің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бар қиындықты бірге көтеретінімізге сенем. Осыншама жауапты сапарға шыққан адамдар үшін ең маңызды мəселе – бірлік.
Ал саяхатымыздың өзіне, яғни сіздердің Сүлеймен тауын кесіп өтпек ниеттеріңізге келсек, мырзалар, мен турасын айтуға тиіспін: бұл сапардан біздің тірі қайтуымыз екіталай. Бұдан үш жүз жыл бұрын кəрі Хозе да Сильвестраның талабы немен тынып еді? Бұдан жиырма жыл бұрын оның ұрпағы не хəлге ұшырады? Сіздің ініңіздің тағдыры не болды? Мырзалар, мəймөңкелемей, анығын айтайын: біз киер кеп те дəл сондай болады.
Айтқан сөздерімнің серіктеріме қаншалық əсер еткенін аңдау үшін сəл кідірдім. Маған капитан Гуд аз-маз сескеніп қалған тəрізденді, ал сэр Генридің беті тіпті бүлк етпеді.
Тəуекелге бел бууымыз қажет, – деді ол өзінің əдепкі, ұстамды үнімен.
Сапарымыздың немен тынатынын біле тұра, – дедім мен сөзімді сабақтап, – сапарымыздың немен тынатынын біле тұра, оның үстіне мен ондай батыл адам емеспін, – өздеріңізбен бірге аттануға келісім беруім таң қаларлық жай боп көрінер. Сіздердің ұсыныстарыңызды қабылдауыма екі түрлі себеп болды. Біріншіден, мен – фаталистпін, тағдырға, жазмышқа сенем, сондықтан қашан өлерім істейтін ісіме, ойлайтын ойыма қатыссыз, алдын ала сызылып қойды деп білем. Егер Сүлеймен тауына аттанған сапарда қаза тапсам – тағдырдың жазуы солай болғаны. Əрине, құдіреті күшті құдай пендесіне не істеймін десе де ерікті, сондықтан болашағым туралы қам жер ретім жоқ. Екіншіден, мен кедей адаммын. Аңшылық кəсіппен айналысқаныма қырық жыл болғанына қарамастан, тіпті аз-маз болса да дəулет құрай алмадым, тапқаным тамағымнан аспайды. Сіздер, əрине, білетін шығарсыздар, мырзалар, піл аулау – аса қатерлі іс, бұл кəсіппен айналысушы адамдар орта есеппен алғанда, төрт-бес жылдан артық жасамайды. Ал мен болсам, осындай көпке тағайындалған мерзімді жеті мəрте еселедім, сондықтан өлім сағатым жақын: қашанға дейін аман жүре бересің.
Егер алда-жалда аңшылық кезінде қазаға ұшырасам, борыш-қарызым төленген соң, адам қатарына енуі үшін əлі де оқуға тиіс жалғыз ұлым Гарри ешқандай қаражатсыз қалады. Егер мен сіздермен бірге аттансам, оның алдағы бес жыл өмірі қамсыз болмақ. Мінеки, қысқаша айтқанда, мен осылай пайымдадым.
Мистер Куатермэн, – деді менің сөзімді үлкен ықыласпен тыңдаған сэр Генри, – өз шамалауыңызша қайғылы қазамен аяқталуға тиіс осындай қатерлі экспедицияға қатысуыңызға себеп болған жəйттер біздің алдымыздағы адамдық абыройыңызды көтере түспек. Ал сапарымыздың қалай аяқталарын уақыт көрсетер, жағдай білер. Тура ажалдың аузына түскелі бара жатырмыз ба, жоқ, аман-есен ораламыз ба – білмеймін, бірақ мен осы істі ақырына жеткізуге бел байладым. Тіпті маңдайымызға өлім жазылған жағдайдың өзінде, ажал тырнағына ілінгенше біраз аңшылықтың да қызығын көріп үлгермейміз бе. Сіз қалай ойлайсыз, Гуд?
Əрине, – деді капитан сэр Генриді қостап. – Біз үшеуіміз де қауіп- қатердің неше түрін көрген, намысты қолдан бермейтін адамдармыз. Сондықтан тартыншақтар жөніміз жоқ. Ал енді кают-компанияға түсіп, сапарымыздың сəтті аяқталуы үшін бірдеңе ішсек деймін.
Ертеңіне жағаға шықтық. Сэр Генри мен капитан Гудқа Бреа жағалығындағы менің жұпыны үйіме орналасыңыздар деген ұсыныс жасадым.
Шикі кірпіштен салынып, шатыры мырышталған қаңылтырмен жабылған үй үш бөлме мен ас бөлмесінен тұратын. Бірақ оның есесіне менің бағым тамаша еді. Онда жапон мушмуласының1 ең тамаша сорттары, үнемі əрі нəрлі, əрі шығымды жеміс беретін ғажайып манго ағаштары2 өсетін. Бұларды маған Ботаникалық бақтың директоры сыйлаған еді. Джек деген бағбаным да бар. Менің бұрынғы аңшыларымның бірі. Сикукунис елінде аңшылық құрып жүрген кезімізде буйволдың мүйізіне ілініп, жамбасы сынды да, байғұс аңшылықпен біржола қоштасуға мəжбүр болды. Бірақ қиралаңдап жүріп, бақты күтуге шамасы келеді. Бұл Джек бейбіт өмірге бейім гриква тайпасынан еді; жауынгер зұлысты сіз ешқашан да бағбандық жұмыс атқаруға міндеттей алмайсыз – бейбіт еңбек атаулыны оның жаны сүймейді.
Үй тарлық жасағандықтан сэр Генри мен капитан Гуд бақ шетіндегі апельсин саяжолының ішіне құрылған шатырға ұйықтады. Ағаштар шешек атып тұрған, гүлден тараған хош иіс көкірек кеңіткендей, ал бұтақтарды майыстыра сыңсып тұрған жасыл жəне алтындай сап-сары жемістер көз қуантады (Ескерте кету керек, біздің Дурбанда гүл мен
жемісті бір мезгілде көре бересіз). Төңірек тегіс көрікті. Таза ауада тамаша ұйықтап, тынығуға болады. Ал біздің Бреада шыбын-шіркей атымен жоқ дерлік, олар тек анда-санда сел жауындардан соң ғана мазаны алатын.
Алайда əңгімеміздің өзіне оралу керек шығар. Əйтпесе, балам Гарри, əкең Сүлеймен тауына жеткенше сен бұл хикаядан жалығып бітуің мүмкін.
Сонымен, сэр Генримен бірге аттануға бел байлаған соң мен қолма-қол жол жабдығын əзірлеуге кірістім.
Ең алдымен, жаным балам, мен сэр Генриден сенің болашағыңды қамтамасыз етер құжатты алдым. Бұл ретте біраз қиындыққа да ұшырастық. Сэр Генри бұл жердің тұрғылықты адамы емес, ал мен қазаға ұшыраған жағдайда сен алуға тиіс ақша – Англияда жатыр. Көп машақат көріп, ақыры бір жылпос адвокаттың арқасында ретін келтірдік, ол да көмейі кең сұм екен, қолбасарға тура жиырма фунт алды. Сақтық шарасы – өзіме тиесілі бес жүз фунт стерлингтің чегін қалтама салысымен-ақ сэр Генридің есебінен күйме жəне қоңды, күйлі бірнеше өгіз сатып алдым. Темір білікті, ұзындығы жиырма екі футтық күйме онша жаңа болмағанмен, өте берік əрі жеңіл еді. Бір рет алмас кені жақта боп, ештеңесі бүлінбей, жақсы оралыпты. Бұл күйме құрғақ əрі берік ағаштан жасалған болар деген сенімімді арттыра түсті.
Өйткені күйме олақ құрастырылса немесе онша кеппеген дымқыл материалдан жасалса, онысы алғашқы сапардың өзінде-ақ байқалып қалады.
Арбамыздың артқы бөлігінің он екі футтай жері брезентпен шатырлап жабылған, ал алдыңғы бөлігі ашық. Мұндай күймелер бізде “қалбағай” деп аталады. Шатырлы жағы – тұрғынға арналған, мұнда екі адам жатып ұйықтауға арналған тері бөстектер, қару-жарақ жəне басқадай қажетті ұсақ-түйек заттар болады. Мен бұл арба үшін жүз жиырма бес фунт төледім, бірақ арзанға түсірдім деп ойлаймын.
Содан соң өзім екі-үш жылдан бері көздеп жүрген тамаша зұлыс өгіздерінің жиырмасын сатып алдым. Əдетте күймеге алты өгіз жегіледі, бірақ мен “Сақтықта қорлық жоқ” деп төртеуін артық алдым.
Зұлыстардың ірі қара малы сүйегі ұсақ, аласа бойлы келеді, ауыр жүк тасуға жегілетін африкандерлердің1 ірі қарасынан екі еседей кіші. Бұл бəкене жануарлар əртүрлі аяқ ауруларына сирек шалдығады, жем, күй талғамайды жəне қиындыққа көндіккіш, əрі аса берік келеді.
Сондықтан жай өгіздер аштан өліп жатқан жерлерден аман-есен өтіп шыға береді. Зұлыс өгіздері жүрдек, əрі жеңіл жүрісті; күшіне шақ жүк артылса күніне бес миль жүре алады. Оның үстіне біздің өгіздеріміз “сүрленген”, яғни əбден шыныққан еді, Оңтүстік Африканы оңды- солды талай рет кесіп өтіпті. Сондықтан біздің күш-көлігіміз тұтас табындарды ұйпап кететін алапат дерт – безгектен белгілі бір дəрежеде қамсызданған деп айтуға болатын. Ал бұл өңірде малдың жұты болып саналатын екінші бір дерт – өкпе ауруына, яғни чахоткаға келсек, біздің өгіздеріміз тегіс егілген екен. Егудің мəн-жайы былай. Өгіздің құйрығын түбінен бір футтай жерден қан шығарып жаралайды да, сол араға чахоткадан өлген малдың бір жапырақ өкпесін байлап қояды.
Көп ұзамай өгіз чахотканың жеңіл түрімен ауырады, құйрығы қатып- семіп, манағы жараланған жерден түсіп қалады, оның есесіне өгіз енді ешқашан да чахоткамен ауырмайтын болады. Əрине, жануарды құйрықтан айыру – аса қатал іс, əсіресе шыбын-шіркейі көп елде, бірақ бастан құлақ садаға – өгізден айырылғанша оның құйрығын құрбан еткен артық. Өлген өгіздің бүтін құйрығы шыбын қаққаннан басқа ештеңеге жарамаса керек. Əйткенмен өгіз айдап келе жатқанда алдыңда құйрық орнында шолтиған сабау тұруы бір өрескел екен.
Жаратушы қарбалас үстінде жаңылысып, өгіздерге шашақты құйрық орнына асыл тұқымды бульдогтардың бөксесіне тиесілі дүниені жапсыра салғандай.
Күш-көлік мəселесі шешілген соң азық-түлік жəне дəрі-дəрмек жайын ойластыруға тура келді. Бұл – жақсылап ақылдасуды тілейтін іс. Біз жүгімізді ауырлатпауға, бірақ мұндай ұзақ сапарға қажетті, толып жатқан ірілі-уақты нəрселерді түгел алуға тиіс едік.
Бақытымызға қарай, Гуд медицинадан аз-маз хабардар боп шықты. Бір замандарда əлдеқалай сəті түсіп, медицина мен хирургия курсын тыңдапты жəне реті келген жерде ол білімін іс жүзінде де қолданып жүреді екен. Əрине, капитанның дəрігер деген атағы жоқ-ты, алайда оның бұл мамандықты өз ата-тектерінен соң медицина дəрігері деген
сөзді жазуға хақы бар тоқмейіл мырзалардың біразынан артығырақ меңгергеніне кейін анық көзім жетті.
Оның жорық кезінде дəрі-дəрмек салатын қобдишасы бар еді жəне хирургиялық бес аспабы да толықты. Біз Дурбанда жүрген кезде əлдебір кафрдың бас бақайшағын шеберлікпен кескені соншалық, біз аузымызды ашып қарадық та тұрдық. Алайда бүкіл операция бойы самарқау қалпынан бір танбаған кафр кесілген бақайының орнына жақсы жаңа бақай, тым құрыса ақ бақай қондырып беруді өтінгенде, капитанымыз шалқасынан түсе жаздады.
Азық-түлік жəне дəрі-дəрмек мəселесін ретке келтірген соң біз қару- жарақ сатып алу жəне қызметшіні жалдау ісін қолға алдық.
Алдымен мылтыққа келейік. Біз сэр Генри Англиядан əкелген мол қару-жарақтың ішінен жəне менде бар мылтықтардың арасынан ең қолайлы дегендерін іріктеп алдық. Менің қойын дəптерімде олардың тізімі сақталыпты.
Сол тізімді келтірейін:
Ауыр қосауыз мылтық – үшеу. Орта қашықтыққа арналған, опырылмадан оқталады, он бір драхма1 қара дəрімен атылады, əрқайсысының салмағы – он бес фунт шамасында.
Бұл мылтықтар піл аулауға арналған еді. Бұлардың сэр Генри мен капитан Гудқа тиесілі екеуі Лондондағы мəшһүр фирмалардың бірінің атақты шеберлерінің қолынан шыққан екен. Ал менің мылтығымның қай фирмада жасалғанын білмеймін, мыналардай сұлу да емес-ті, оның есесіне піл аулау кезінде талай рет олжа əкелген, қандыауыз қару еді.
«Экспресс-500» үлгісіндегі қосауыз мылтық – үшеу. Алты драхма дəрілі жарылғыш оқпен атылады.
Бұл – көбіне орташа аңдарға (қылышты деп аталатын қайқы мүйіз бөкендер тəрізді) арналған тамаша мылтықтар еді. Ашық жерлерде дұшпаннан қорғану үшін де таптырмас жойқын қару.
Қосауыз құс мылтығы – біреу. Он екінші калибрлі, бытырамен атылады, екі оқпаны да чок2.
Кейін бұл мылтық біздің күнделікті тамақ тауып жеуімізге үлкен себін тигізді.
“Винчестер” үлгісіндегі магазинді винтовка (карабин емес) – үшеу. Бұл біздің қосалқы қаруымыз еді.
Өзі оқталатын, ірі калибрлі патронды “кольт” револьвері – үшеу. Біз алған қару-жарақтар, міне, осындай еді.
Ескерте кету керек, осы тектес мылтықтардың бəрі бір үлгіде жасалғандықтан, біз өзара патрон алмастыра алатын едік, бұл – əрине, өте қолайлы əрі маңызды жағдаят.
Алда-жалда кейбір оқырмандарым қару-жарақ жайын ұсақ-түйегіне дейін тəптіштеген əңгімеден жалығып кеткен болса, ол үшін кешірім өтінбеймін, өйткені қару-жарақты дұрыс таңдау – экспедицияның сəтті аяқталуына себін тигізетін аса маңызды шарттардың бірі екенін əрбір тəжірибелі аңшы білсе керек.
Енді бізге қосшы міндетін атқаратын қызметкер жайына көшейік. Өзара ұзақ кеңесе келе біз бес адам алсақ та жарайды деген шешімге тоқтадық, оларымыз: жолбасшы, көшір жəне үш қызметші.
Көшірді де, жолбасшыны да оңай таптым. Бұлар – Гоза жəне Том дейтін екі зұлыс еді. Қызметшілер жайы бұдан гөрі қиынырақ боп шықты. Біздің іздегеніміз – қажет кезде сүйеніш бола алатын, өмірімізге қатер төнсе, бізбен қоса күресетін əрі сенімді, əрі жаужүрек адамдар еді. Ақыры екі кісі таптым. Бірі – Вентфогель, яғни “жел құсы” деп аталатын готтентот1, екіншісі – Хиуа дейтін кішкентай зұлыс.
Хиуаның басқалардан бір артықшылығы – ол ағылшынша судай еді. Ал Вентфогельді көптен білетінмін. Мен өз өмірімде мұндай ізшіл аңшыны сирек көрген шығармын. Бұлшық ет пен тарамыс сіңірден ғана жаратылғандай, өте төзімді, қанша жүрсе қажымайтын жан еді. Өкінішке қарай, оның бойында өзі шыққан тайпаға тəн бір үлкен кемшілік бар-ды: тоя ішкенді тəуір көретін. Шарап құйылған шишаға көзі түссе-ақ, дүниедегінің бəрін ұмытар еді. Сондықтан оған қалтқысыз сенуге болмайтын. Алайда біз трактир, шарап дүкені атаулы
ұшыраса қоймайтын өлкеге сапар шегіп бара жатқандықтан, бұл кішкене кемістіктің айтарлықтай мəні жоқ-ты.
Шарқ ұрып іздегенмен, үшінші қызметшіні таба алмадым. Біз осы екеуімен-ақ жүре бермек болдық, бəлки, жол-жөнекей қолайлы адам кездесіп қалар деген үмітте едік. Алайда дəл аттанар күні кешқұрым біз дастарқан басында отырған шақта үстімізге Хиуа кірді де, мені бір зұлыстың көргісі келетінін айтты.
Ас-суымызды ішіп болып, үстел басынан тұрған соң мен Хиуаға зұлысты үйге кіргізуге бұйырдым.
Бөлмеге жасы отыздар шамасындағы, кəдімгі зұлыстармен салыстырғанда құбақан, ұзын бойлы, сұлу жігіт енді. Сəлемдесу орнына қолындағы буылтық-буылтық таяғын көтеріп, амандық ишаратын жасады да, босаға жақтағы бұрышқа барып, бізге қарсы қарап, жүресінен отырды.
Мен біраз уақытқа дейін оны байқамаған сыңай таныттым; басқаша ету – үлкен жаңылыс болар еді: түземдікпен бірден балпылдап сөйлесіп кетсеңіз, ол сізді сорлы біреу, өзін ұстай алмайтын, сондықтан сыйлауға тұрмайтын жан деп есептейді. Алайда мен оның “кэшла”, яғни “құрсауы бар адам” екенін аңдап қалдым. Қауғадай шашына кəушіктің ерекше сапалы түрінен жасалып, жылтырап тұру үшін маймен сырланған құрсау шеңберше киіпті. Мұндай құрсауды белгілі бір жасқа жеткен үлкен мəртебелі зұлыстар ғана киетін.
Маған бейтаныс зұлыстың түрі таныс тəрізді көрінді.
Ал, – дедім аздан соң барып, – атың кім?
Омбопа, – деді түземдік құлаққа жағымды қоңырқай дауыспен.
Мен сені бұрын бір жерде көрдім.
Иə, инкоози1 көкетайым, сен мені Изандхлуанда2, Литтл-Хэнд дейтін жерде, ұрыс алдында көрдің.
Осы кезде бəрі де есіме түсті. Зұлыстармен арада болған сəтсіз соғыс кезінде мен лорд Челмсфордтың3 жолбасшылары қатарында едім.
Бақытыма қарай, дəл ұрыс қарсаңында өзіме тапсырылған күймелерді алып, лагерьден шығып кеткен болатынмын. Бұл кісімен сонда, өгіздер жегіліп жатқанда
сөйлескем. Ол біз жақта соғысқан түземдіктер отрядын басқаратын. Əңгіме үстінде ол біздің бекінісіміздің соншалық берік екеніне күмəнданатынын айтқан еді. Мен оған бұл – сенің ақылың жетер іс емес, тіліңді тартып сөйле дегем, бірақ кейін оның бекініс жөнінде айтқан сөздерін сан мəрте есіме алдым.
Есімде ,– дедім мен. – Маған не шаруамен келдің?
Жағдай былай, Макумазан (мені кафрлар осылай атайды; тура аударсақ, “түн ортасынан соң тұратын кісі” деген сөз, яғни, бізше айтқанда, “қапысыз сақ адам” деген мағына беретін атау). Естуімше, сен ұшан судың ар жағынан келген ақ көсемдермен бірге қиян солтүстікке, алыс жолға аттанбақ көрінесің. Осы рас па?
Иə, рас.
Мен сендер Маника Жерінен бір айлық қашықтықтағы Луканга өзеніне дейін барады деп естідім. Бұл да рас па, Макумазан?
Біздің қайда баратынымызды біліп қажеті не саған? Онда шаруаң қанша? – дедім мен оған шүбəлана қарап. Біз саяхат мақсатын құпия сақтауға келіскеміз.
О, ақ адамдар! – деді түземдік даусын көтеріп. – Егер шынымен сондай алыс жолға сапар шексеңіздер, мен сендермен бірге жүргім келеді!
Бұл кісінің дауыс əуені мен сөз сөйлеу жөні мені қайран қалдырды. Ол өзін өте тəкаппар кейіпте ұстады жəне бүкіл түр-тұлғасынан бекзаттық сезілетін. Мені, əсіресе таңырқатқан – оның бізге түземдіктердің əдетімен “инкоози”, яғни көсемдер деудің орнына “О, ақ адамдар” деген сөзбен сөйлеуі еді.
Əліңді біл! – дедім мен қатаң үнмен. – Ақ адамдарға бірдеңе айтпастан бұрын қашанда жақсылап ойланып ал. Кімсің? Краалің қайда? Алдымен осы сауалдарға жауап бер, біз кіммен сөйлесіп тұрғанымызды білейік.
Менің атым – Омбопа. Зұлыс тайпасына жатам, бірақ сүйегім зұлыс емес. Менің руым бұл арадан алыста, солтүстік жақта тұрады. Басқа
зұлыстардың бəрі осылай қарай ауғанда біздің ел сонда қалыпты. Бұл – осыдан мың жыл ертеде, Зұлыс елін билеген король Чакадан соншама көп заман бұрын болған оқиға. Менің тұрақты мекенжайым жоқ.
Жерден жер кезгеніме көп болды. Зұлыс еліне солтүстіктен келдім, сəби кезімде. Ер жеткен соң Нкомабакоз полкінде король Кечвайоға1 қызмет еттім. Ұзамай-ақ адамдардың қалай тұратынын көруге құмарттым да, Зұлыс елінен қашып, Натальға келдім. Сосын Кечвайоға қарсы соғыстым. Содан бері Натальда тұрамын. Жұмыс та осында. Бəрінен жалығып біттім, енді қайтадан солтүстікке кеткім келді. Бұл ара маған лайық жер емес. Ақшаларыңыздың қажеті жоқ. Мен ержүрек адаммын, сіздерге тиер пайдам көп. Ішкен тамағымның, от басынан алған орнымның төлеуін адал еңбегіммен қайтарам.
Айтарым осы.
Бұл адамның өтініші мені еріксіз абдыратты. Мінез-құлқына, сөзіне қарағанда оның негізінен бүкпесіз шындықты айтып тұрғаны аңғарылатын. Бірақ бұл түземдіктің басқа зұлыстарға мүлде ұқсамайтыны жəне бізге ақысыз-пұлсыз қызмет етуге деген құлшынысы соншалық, менің көңіліме күмəн көлеңкесі түспеуі мүмкін емес-ті.
Қапелімде не жауап берерімді білмей, бейтаныс түземдікпен арада болған əңгіме жайын сэр Генри мен капитан Гудқа баяндап бердім де, не деу керектігі жөнінде ақыл сұрадым.
Сэр Генри жауап орнына маған Омбопаға орнынан тұр деп айтыңыз деді.
Зұлыс үстінен ұзын əскери жақысын сыпырып тастап, біздің алдымызда атып тұрды: нағыз алыптың өзі екен. Үстінде муча2 мен арыстан тісінен жасалған алқа ғана қалған тыр жалаңаш дерлік денесіне көзіміз түскенде сүйсінбей тұра алмадық. Сұлу да сымбатты еді.
Мен өмірімде мұндай көрікті түземдік көрген емеспін. Бойы алты фунт, үш дюйм шамасында: кең иықты еңгезердей жігіт. Бүкіл денесі қолмен қашағандай. Кешкі шам жарығында оның əдеттегі өңінен гөрі
сəл қоңырқай тəрізденді, тек денесіндегі ассегай1 тиген жарақат орындары ғана теңбіл-теңбіл боп қарауытып тұр.
Сэр Генри дəл қасына кеп, оның тəкаппар əрі сұлу жүзіне қадала қарады.
Жұбы қалай жараса кетті! – деді Гуд маған қарай еңкейіп. – Екеуінің бойы да бірдей екен.
Маған сіздің кескін-келбетіңіз ұнайды, мистер Омбопа, – деді сэр Генри зұлысқа ағылшын тілінде. – Мен сізді өзіме қызметшілікке алам.
Сірə, Омбопа оның не айтқанын түсінсе керек.
Жақсы, – деді зұлыс тілінде. Содан соң сэр Генридің еңгезердей тұлғасына көзі тояттаған қалыпта қарады да:
Сен екеуміз нағыз ер жігіттерміз, – деді.
тарау ПІЛ АУЛАУ
Дурбаннан мың мильден астам жерде, Луканга жəне Клюкве өзендерінің тоғысар тұсында тұрған Ситанди крааліне жеткенге дейінгі ұзақ жолда басымыздан өткен хикметтер жайын тəптіштеп баяндамай-ақ қояйын. Ақырғы үш жүз мильдей жолды жаяу жүріп өтуімізге тура келді, өйткені есектен басқа жан-жануар атаулының бəрін шағып өлтіре беретін жексұрын цеце шыбыны жол аяғы ұзаған сайын көбейе берген.
Дурбаннан қаңтарда шыққан едік, Ситанди краалінің қасына шатырларымызды тіккен шақта мамырдың ортасы боп қалды.
Жол үстінде неше түрлі шытырман оқиғаға ұшырастық, алайда мұның бəрі африкалық кез келген аңшының басынан өтуі ықтимал жайттар болғандықтан, хикаямды орынсыз созып, олардың бас-басына тоқталып жатпаймын. Тек біреуін ғана бажайлап айтып берейін.
Король Лобензула (сөз арасында айта кетейің, бұл бір нағыз жексұрын сұм) билеген Матабеле Жерінің шегіндегі ең соңғы сауда нүктесі Айнайтиде ішіміз удай ашып отырып, жайлы күймемізбен қоштасуға тура келді.
Дурбанда сатып алған жегіндік жиырма өгізіміздің он екісі ғана қалған еді. Бірі кобра шағып өлді, үшеуі аштық пен шөлден кетті, біреуін жоғалтып алдық, енді үшеуі қызғалдақ тектес улы шөп жеп кеуіп өлді. Осы соңғы дертпен тағы да бесеуі ауырған еді, бірақ өйтіп-бүйтіп аман алып қалдық: оларға қызғалдақтың жапырағын қайнатып ішкізген едік.
Бұл – дер кезінде қолданса, уды қайтаратын бірден-бір ем.
Күйме мен өгіздерді сенімді жігіттеріміз Гоза мен Томның қарауына қалдырдық; осы өңірде тұратын құрметті шотланд миссионерінен
дүние-мүліктерімізге көз қырын сала жүруді өтіндік.
Содан соң қасымызға Омбопа, Хиуа жəне Вентфогельді алып, жүк көтеретін хамбал есебінде алты-жеті кафр ертіп, жанкешті сапарға тіке бет түзедік.
Бəріміздің де жолға үнсіз тұнжыраған кейіпте шыққанымыз есімде. Сірə, əркім-ақ енді қайтып күймені көреміз бе, көрмейміз бе деп ойласа керек. Ал менің өзіме келсек, мұндай үміттен мүлде ада едім.
Сол үнсіз қалпымызда біраз жүрдік. Кенет, алда келе жатқан Омбопа зұлыс əнін шырқап қоя берді.
Əн мазмұны мынадай еді.
Күнделікті тұрмыс күйбеңінен, үйреншікті өмірден мезі болған бірнеше батыр жігіт не жанға жай бірдеңе таппақ, не ер өлімімен өлмек ниетте бетпақ шөлге аттанады. Ақыры көп қиындықпен шөл қойнына тереңдеп енген шақта, о ғажап, келген жерлерінің шөл емес, көк жапқан, айнадай көлдері жарқыраған, жанға сая сұлу қыздары көп, малға жайлы оты көп, атар таңы мол, мұқатар жауы мол гүлжазира мекен екенін көреді.
Əн ауқымын жақсы жоралғыға балап, бəріміздің де көңіліміз көтеріліп қалды.
Омбопа дегеніміз осындай жайдары жігіт боп шықты. Рас, кейде оның өзінен-өзі жабырқап, түнеріп кететін де сəттері ұшырасатын, алайда көбіне, үнемі дерлік жадырай күліп, жұрттың еңсесін көтеріп отыратын жəне өзінің өр, тəкаппар қалпынан танбас еді. Осындай жігітті бəріміз де жақсы көріп кеттік.
Енді сіздерге басымыздан өткен бір оқиғаның жайын баяндап, өзім де біраз рақаттансам деймін, өйткені дүниеде аңшылық хикаяларынан артық ұнатар əңгімем жоқ.
Айнайтиге дейін екі апталық жол қалған кезде біз аса бір көрікті өңірге тап болдық. Топырағы дымқыл, көгі мол екен. Биік қырқалардың арасындағы қия шатқалдар түземдіктер “айдора” деп атайтын шіліктен көрінбейді, ара-тұра wacht-een-beche (“сəл сабыр ет”) деп аталатын тікенекті бұта да ұшырасады. Жемісінің көптігінен бұтақтары жерге жете иіліп тұрған мачабель ағашы да баршылық. Мачабельдің ірі сүйекті жемісі тіл үйірер дəмді, бой сергітер нəрлі келеді. Сонымен
қатар бұл – пілдердің жерік асы дерлік жеміс. Біз таяу маңда үйір-үйір піл барын олардың жапырлаған ізінен ғана емес, мачабель ағаштарының кей арада бұтақтары сынып, кей тұста, тіпті түбірімен қопарылып жатқанынан да (пілдер оттаған, бірдеңе жеген кезде көзіне көрінгеннің бəрін тапап, қирата береді) анық аңғардық.
Бірде күні бойғы ұзақ жолдан соң біз ғажайып сұлу жерге қоналқаға жеттік.
Тырбық бұта жапқан көрікті шоқының еңісінде өзеннің құрғақ арнасы бар екен. Ағысы үзілгенмен, мөлдір, таза қарасулары көп боп шықты. Су маңы əртүрлі жабайы аңдардың ізінен көрінбейді. Шоқының етегі гүл-бақша іспеттес көрікті алаңқай; алаңқайда бұтақтары жайыла өскен топ-топ мимоза бұталары, ал оның ара-арасында жапырақтары жалтыраған мачабель ағаштары көрінеді. Төңірек – жан аяғы баспаған, арасында тіпті соқыр соқпақ та жоқ көк шілік мұхиты.
Өзен арнасын бойлап жүре бергеніміз сол еді, бір топ жирафтың үстінен шықтық. Серейген-серейген ұзын жирафтар бізден үркіп шапқылай жөнелді, дəлірек айтсақ, құйрықтарын көкке көтеріп, тұяқтары жерді кастаньет қаққандай тасырлатып, өздерінің қызық жүрістерімен тайпала жөнелді. Олар бізден үш жүз ярдтай ұзаған, яғни мылтық жетер жерден аулақ кеткен шақта алдымызда келе жатқан Гуд бұдан ары өзін ұстай алмады. Жарылғыш оқпен оқталған ірі калибрлі мылтығын кезенді де, үйірдің ең соңында бара жатқан жирафтың байталын көздеп, басып қалды.
О ғажап, оқ қаңғып барып, жирафтың дəл мойнына тигені. Мойын сүйегі зақымданған жираф қоянша тоңқалаң асып жығылып, екі-үш домалап кетті. Мен ешқашан мұндай қызық көрген емес ем.
Шайтан алғыр! – деді Гуд. Өкінішке қарай, əлденеге аса қатты толқыған кезде Гуд осындай “күшті” сөздерді қолданбай тұра алмайтын (бұл – капитанның теңізшілік қызметі кезінде бойға сіңірген қасиеті екені күмəнсыз). – Шайтан алғыр, жираф! Мүрдем кетірген сияқтымын ба, қалай!
Ou Bugwan! (Иə, Бугван!) – десті хамбал кафрлар жамырасып. – Ou! Ou! (Иə, иə!)
Олар монокль кигендіктен Гудты “Бугван” (“шыныкөз”) деп атайтын.
Иə, Бугван! – дестік сэр Генри екеуміз де, олардың сөзін жаңғырықша қайталап.
Міне, осы күннен бастап түземдіктер арасында Гудтың ғажайып мерген деген даңқы шықты. Ал шындығында Гуд мылтықты өте нашар ататын. Кей атқан оғы талай рет далаға кетіп жүрді, бірақ біз оған ешқашан мəн берген емеспіз, жаңылысқа, кездейсоқтыққа балап, баяғыдағы ерекше мергендігін еске алатынбыз.
Қызметшілеріміздің екі-үшеуіне жирафтың қоңды жерлерінен ет сылып алуды тапсырдық та, қалғанымыз қарасулардың бірінен жүз ярдтай жерге шарбақ құрып, қотан жасауға кірістік. Мұның жөні былай. Тікенек бұталарды көп етіп кесіп алады да, оларды қоналқа болмақ орынға үйіп, дөңгелете қоралап шығады. Қотанның орта тұсын тегістейді де, жақын жерде бола қалса, мол етіп құрғақ шөп жаяды, бұл – жатын орнымыз. Сосын ретіне қарай бір немесе əлденеше жерден от жағылады.
Қотан құрып біткен кезде ай да шықты. Кешкі асымыз – жирафтың семіз етінен қуырылған бифштекс пен майлы жіліктер де пісіп, дайын тұр екен. Рақаттана отырып тамағымызды іштік, қиындау болса да жілікті шағып, майын алып жедік. Мен дүниеде жирафтың миы мен жілік майындай тəтті тағам көргем жоқ. Онымен тек біз ертеңіне жеген пілдің жүрегін ғана теңестіруге болатын шығар.
Толған айдың сүттей жарығында ара-тұра бүгінгі мергендігі үшін Гудты мадақтап қойып, бар тəбетімізбен асымызды ішіп алдық. Содан соң шылым шеге отырып əртүрлі өткен-кеткен хикаяларды əңгімелеуге кірістік. Сірə, от басында алқа-қотан отырған біз көлденең көзге бір түрлі қызық көрінетіндей кейіпте болсақ керек.
Əсіресе, сэр Генри екеуміздің арамыздағы үйлесімсіздік көзге ұрардай өзгеше еді. Мен – орта бойлы, арықша келген адаммын; өңім қоңырқай, ақ бурыл шашым қайыруға көнбей, кірпінің түгіндей үдірейіп тұр, салмағым небары алпыс-ақ килограмм. Ал сэр Генри еңгезердей ұзын бойлы, кең иықты, ақ сары шашты, аққұба адам, салмағы тоқсан бес килограмнан кем түспейді. Əйткенмен де, барлық жағдайды ескере келсек, үшеуміздің ішіміздегі ең ерекше кейіпті жан – Корольдік теңіз флотының отставкадағы капитаны Джон Гуд еді.
Астына тері қап төсеніп отырған, əсем, жинақы киінген тап-таза Гуд
сізге өркениетті ел ішінде күнұзақ аңда жүріп, қанжығасы майланып, жаңа ғана үйге оралған адам тəрізді көрінетін. Үстіне қоңырқай твидтен тігілген əдемі аңшы костюмін киген, басында қоңырқай қалпақ, аяғында əдемі гетр.
Жалпы, мен осы өмірімде Африка шөлінен мұндай таза қырынған, мінсіз əсем киінген, өне бойы тап-тұйнақтай джентльмен көрген емес едім. Жасанды тістері қаз қалпында, табиғи тістен аумайды, əдетінше оң жақ көзіне қыстырған моноклі жалт-жұлт етеді. Тіпті мойнына алып-салмалы аппақ жаға тағуды да ұмытпапты. Жолға мұндай жағаның əлденешеуін алып шыққан болатын. Мен мұнысына таңырқағанда:
Байқаймысыз, осының ешқандай ауырлығы жоқ, – деген еді монтаны кейіпте. – Ал мен қайда болмасын, джентльмен боп көрінгім келеді.
Міне, осы қалыпта, айдың тылсым жарығына шомған манаураңқы кейіпте от басында ұзақ отырдық. Бізден бірнеше ярд жерге жайғасқан кафрлардың, ішіне адамды масайтатын дакка толтырылған, оңтүстік африкалық бөкеннің мүйізінен жасалған қалияндарының жылтыраған шоғына қарап қоямыз.
Ақыры қызметшілеріміз өз оттарының басында көрпешелеріне оранып, бірінен соң бірі ұйқыға кеткен. Олардан оқшау отырған Омбопа ғана (мен əу бастан-ақ оның кафрлардан бойын аулақ ұстағанын аңдаған ем) əзір ояу. Екі қолымен басын таңып, ауыр ой үстінде отыр.
Кенет біздің сырт жағымыздағы тоғайдан қатты ышқына арылдаған үн естілді.
Арыстан, – дедім мен. Бəріміз де атып тұрып, құлақ тіге қалдық. Сол сəтінде-ақ жүз ярдтай жердегі қарасу жақтан пілдің өкірген үні шықты.
Unkungunklovo Lndlovu! (Піл! Піл!) – деді кафрлар тұншыға сыбырлап.
Бірнеше минуттан соң біз төбедей-төбедей боп қарауытып, шілік тоғайына қарай маң-маң баса шұбап бара жатқан бір табын пілдің сұлбасын көрдік. Гуд жалма-жан мылтыққа жармасты. Пілді өлтіру де
манағы жирафты кездейсоқ қағып түсіргеніндей оңай шаруа деп ойласа керек. Бірақ еркіне жібермедім.
Тиісуге болмайды, – дедім мен. – Болмайды. Кете берсін жөніне.
Бұл төңірек аңшылар армандар ұжмақ боп шықты ғой! – деді кенет сэр Генри. – Бірер күн аялдап, аң аулаған теріс болмас еді.
Мен бұл сөзге аз-маз таңырқап қалдым, өйткені осы уаққа дейін сэр Генри алға қарай жылжи беруді ғана ойлайтын. Айнайтиде бұдан екі жылдай бұрын Невилль дейтін ағылшын осы жерде өзінің күймесін сатып, елдің ішкі жағына аттанды деп естігеннен бері бізді бұрынғыдан бетер асықтырумен болған. Ал мына арада қанша дегенмен, аңшылық сезім бел алса керек.
Гуд қуанып кетті. Піл аулау – көптен бергі арманы екен. Мен де дəмелі-тұғым. Өйткені осындай қолайлы сəтті пайдаланып біраз аңшылық құрмай, тұтас бір үйір пілді қоя беріп қарап отыру обал-ақ еді.
Несі бар, достарым, – дедім мен. – Біраз көңіл көтерген теріс болмас. Ал енді кідірмей жатайық. Күн шықпай тұру қажет. Сонда, бəлки, ұзап кетпей тұрғанда, əрі жайылып жүрген шағында үйірдің үстінен түсерміз.
Қалған жұрт менің айтқанымды мақұл көрді де, ұйқыға қам жасадық. Гуд мипаздап үстінен киімін шешті, оны жақсылап тазалады; аузынан салмалы тісін, көзінен моноклін алып, оларды қайта-қайта сүртіп, шалбарының қалтасына салды; бар киімін мұқият бүктеді де, түнде шық басып дымқылданып қалмасын деп, төсегінің аяқ жағына салып тастады. Сэр Генри екеуміз онша көп машақаттанбай, қолма-қол шешініп, жылы көрпешелерімізді жамылдық та, ұйқыға кеттік. Иен дала, ашық ауадағы ұйқы қандай тəтті.
Түс көрдім. Жүріп келеміз, жүріп келеміз... Шетсіз, шексіз жол... Апырау, бұл не?
Кенет су жақтан жанталасқан айқастың дүбірі естілді. Келер сəтте төбе құйқаңды шымырлатар ақырған үн естілді. Мұның арыстан екені айдан анық болатын.
Біз бəріміз атып-атып тұрып, шу шыққан жаққа көз тіктік. Қараңғыда ештеңе анық көрінбейді, тек сарғыш па, қоңырқай ма, əйтеуір мидай былыққан бірдеңенің аударылып, төңкеріліп, жанталасқан алыс үстінде бізге қарай жақындап келе жатқанын ғана аңдадық. Қолма-қол мылтықтарымызды алып, вельдскундерімізді1 жүре киіп, қотанымызды қоршаған шарбақтан жүгіре шықтық. Бұл кезде таласқан екі аң да құлап, жерде домаласып жатқан. Біз жүгіріп жеткенше айқас бітіп, екеуі де біржола тыншыды.
Біздің көргеніміз мынау болды: шөп үстінде африка бөкендерінің ішіндегі ең сұлуы – қылышты бөкен өліп жатыр. Қасындағы қап-қара шуда жалды əйдік арыстан да жансыз.
Зады, іс былай болса керек. Бөкен суатқа келген. Ал суат басында, сірə, мана біз ақырған үнін естіген арыстан баспа қылып, бұғып жатса керек. Бөкен су ішуге кіріскен сəтте қарғыған арыстан қалт басып, тура мүйіз тұсынан дөп еткен сияқты. Өткір қайқы мүйіз арыстанның қабырғасына сүңгіше
қадалған. Бұдан бұрын да бір рет осы іспеттес көрініске тап болып едім. Бүйіріне сағағына дейін енген мүйізден құтыла алмаған арыстан жанталасып бөкенді мойнынан, арқасынан қаршылдатып шайнай берді, ал жара жанына батқан бөкен есі шыға ышқынып, басы ауған жаққа қарай шапқылаған; ақыры екеуі де өліп тынды.
Арыстанды да, бөкенді де мұқият қараған соң біз өзіміздің қызметкерлеріміз бен хамбал кафрларды шақырып алдық. Бəріміз жабылып жүріп, екі өлі аңды сүйреп, шарбақтың ішіне енгіздік.
Бөгелмей ұйқыға жаттық. Күн шыққанша тыныштығымыз бұзылған жоқ.
Күннің алғашқы шапағымен бірге тұрдық та, аңға дайындала бастадық. Қажетті жабдықтардан үш ірі калибрлі мылтық, жеткілікті мөлшерде патрон жəне менің өзім аңшылық кезінде таптырмайтын сусын деп есептейтін салқын, сұйық шай толтырылған үш үлкен құты алдық.
Асымызды асығыс іше сала жолға шықтық. Соңымызда
Омбопа, Хиуа, Вентфогель бар. Хамбал кафрларды түндегі арыстанның терісін сыпырыңдар, бөкенді сойып, етін бөлшектеп қойыңдар деген тапсырмамен лагерьге тастап кеттік.
Пілдер салған кең соқпақты оңай таптық. Соқпақты бажайлап қараған Вентфогель бұл арадан жиырма-отыз қаралы піл жүріп өтіпті жəне көпшілігі ересек, еркек пілдер дегенді айтты.
Таң атқанша əжептəуір жерге ұзап кеткен екен, тек ертеңгі сағат тоғыз шамасында, күн көтеріліп, ыстық адам төзгісіз боп бара жатқан кезде ғана сынған ағаштар, жұлынған жапырақтар жəне буы бұрқырап жатқан тезектерді көрген соң, пілдердің таяу маңда жүргенін аңдадық.
Кенет үйірдің өзін де көрдік, Вентфогель айтқандай жиырма-отыз піл екен. Жайылып, тояттап болып, бір ойпаңдау жерде етектей құлақтарын қағып қойып, қимылсыз тұр екен. Көз алғысыз тамаша көрініс еді.
Пілдермен аралық – екі жүз ярдтай жер. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын білу үшін күл боп кеткен құрғақ жапырақтың бір уысын алып, аспанға шаштым. Егер иісімізді сезіп қойса, пілдер біз атып үлгермей-ақ көзден таса болар еді.
Сəті түскенде жел қарсыдан соғып тұр екен. Сақтықпен алға қарай еңбектей жөнелдік. Биік шөп арасымен ептеп жылжып, төбедей- төбедей боп тұрған жануарларға қырық ярдтай жерге жақындап келдік.
Қарсы алдымызда көлденеңдеп үш ірі еркек піл тұр; біреуінің тісі шаңырақтай.
Мен серіктеріме сыбырлап, ортадағы пілді ататынымды айттым; сэр Генри – сол жақта тұрған пілді, ал Гуд – оң жақтағы, үлкен тісті пілді нысанаға алды.
Ал, аттық, – дедім мен сыбырлап.
Тарс! Тарс! Тарс! – ірі калибрлі үш мылтықтың даусы іркес-тіркес шықты.
Сэр Генридің пілі бірден-ақ тырапай асты.
Мен көздеген піл шөкелеп жата кетті; тұрмастай болған шығар деп ем, қателесіппін, келер сəтте атып тұрып, өңкілдеп шаба жөнелгені, менің өзімді қағып кетуге шақ қана қалды; дəл осы сəтте қосауыздың екінші
оғын тура бүйіріне қадап үлгерген едім, піл гүрс етіп құлады. Бөгелместен мылтығымды екі патронмен оқтай сап пілдің дəл қасына жүгіріп келдім де, байғұстың жаны қиналмас үшін қақ бастан атып, саудасын бітірдім.
Осыдан соң ғана Гудтың үлкен пілді не істеп жатқанын көру үшін артыма бұрылуға мұршам келді. Жаңа, мен өз құрбандығыма ұмтылған сəтте жарақат əсерінен бойын ашу буған Гудтың пілі өкіріп- бақырып жатқан. Жанына жүгіріп жетсем, Гуд қатты абдыраған, жалғыз өзі ғана тұр. Сөйтсек, алғашқы оқтан жараланған піл өзінің жəбірлеушісіне тұра ұмтылыпты. Тапап кете жаздаса керек, Гуд əйтеуір жалт беріп, ажалдан аман қалыпты. Бірақ піл қайта бұрылмай, сол бетімен шапқылай жөнеліпті. Біздің лагерьге қарай беттеп бара жатыр екен, жонын ғана көріп қалдық.
Ал келедегі пілдер шошынып, қарсы бетке қарай тым-тырақай қашты.
Жаралы пілдің соңынан кетейік пе, жоқ, əлде келеге ерейік пе деп кеңесіп біраз тұрдық та, осының соңғысын мақұлдадық.
Шаңырақ тісті пілдерді қайтып көрмеспіз деген оймен ілгері жылжыдық. Содан бері мен пілдермен кездеспегеніміз-ақ жақсы еді деп талай рет ойладым.
Пілдерден адасуымыз мүмкін емес еді. Олар өзінің соңынан ені кішігірім қара жолға пара-пар үлкен соқпақ қалдырған еді. Үдере қашқан жолында қалың шілікті шалғын шөптей жапырып отырыпты.
Алайда пілдер тым ұзап кеткен екен, жету оңайға түспеді. Қақтай күйдірген күн астында екі сағаттан астам жүруімізге тура келді.
Ақыры пілдерді тағы да көрдік. Бір аталық піл ғана оқшау тұр, қалғандары түгел үйірілген; қимыл-қозғалыстарынан, тұмсықтарын көтеріп, ауаны иіскелегенінен мен олардың əлдебір қатерлі іске беттегелі тұрғанын сездім. Сірə, күзетке қойылған-ау дедім, дара піл үйірден елу, бізден алпыс ярдтай жерде тұр. Егер жақындамақ болсақ, иісімізді сезіп, не өзімізді көріп қалар, сөйтіп, бүкіл келеден айырылармыз деп ойладық та, осы сақшы пілді нысанаға алып, мен сыбырлап айтқан команда бойынша бəріміз бірдей шүріппені бастық. Үш оқ бірден тиді де, піл сеспей қатты.
Мылтық даусы шығысымен үйір жөңкіліп қаша жөнелді. Бірақ бақытсыз жануарлардың сорына қарай олардың жолынан кесе- көлденең нулла – яғни биік жарқабақты құрғақ арна кездесті. Пілдер шапқылаған беті сол арнаға кеп түсті.
Ізінше біз де жеткен едік. Пілдер бірін-бірі кимелеп, қарсы қабақтан шығып кетуге тырысып, бейберекет боп жүр екен. Өкірген, бақырған дауыстан құлақ тұнады; əрқайсысы өз басын қорғауға тырысқан, мүлде естері шығып кеткен жануарлар бірін-бірі итермелеп, қайтсе де ажал аймағынан аулақтауға тырысады. Басына күн туса, адам атаулының да көпшілігі осындай мінез көрсетер еді.
Біз үшін өте қолайлы кезең туған. Мылтықтарымызды асығыс оқтап, батыр-бұтыр ата бастадық. Əп-сəтте бес піл құлап түсті. Егер пілдер арғы бетке өтпек ниетінен бас тартып, арнаны бойлай қаша жөнелмегенде, сөз жоқ, бүкіл келені жайпап салатын едік.
Пілдерді қумадық. Өте қатты шаршаған едік. Бəлки, тояттап қалған болуымыз да. Бір күнде сегіз піл – осал олжа емес.
Сол арада отырып, аз-маз дем алдық. Қызметшілеріміз пілдің екеуін жарып, кешкі асқа жүректерін алды. Пілдердің тістерін аралап кесіп алуға ертең қызметшілеріміз бен хамбалдарымызды жібермек боп, өзімізге көңіліміз толып, қосқа қарай аяңдадық.
Мана Гуд келені бастаушы аталық пілді жаралаған тұстан біраз озған кезде бір үйір бөкеннің үстінен түстік. Бірақ атпадық. Онсыз да етіміз мол. Бөкендер біздің дəл қасымыздан дүркіреп шауып өтті де, онша ұзамай, жүз ярдтай жердегі шоқ-шоқ шіліктен аса бере топталып, бізге аңтарыла қарасып тұрды.
Сол кезде Гудтың бөкендерді жақынырақ жерден барып қарауға көңілі кеткені. Бұрын ешқашан оңтүстік африкалық бөкенді көрмеген екен.
Қолындағы мылтығын Омбопаға берді де, қасына Хиуаны ертіп, шілік жаққа беттеді. Дамылдауға сылтау табылған соң біз қарсылық білдіргеміз жоқ, біраз тыныстап алмақ боп, көкмайсаға отырдық.
Қанқызыл түске енген көрікті күн өзінің ұясына қонды. Əсем табиғат көрінісін тамашалап отырған сэр Генри екеуміз кенет пілдің өкірген үнін естідік, артынша оның төбедей боп қарауытқан сүлдесін аңдадық. Құйрығын шаншып, тұмсығын көкке көтеріп ап, алға қарай еміне
еңкілдеп, шабуылға шыққан қалпы, балқыған қазандай қып-қызыл боп батып бара жатқан доп-домалақ күннің аясында анық көрінеді. Келер сəтте Гуд пен Хиуаның жанұшыра бізге қарай қашып, ал жаралы пілдің (ие, бұл – манағы жаралы піл еді) оларды өкшелей қуып келе жатқанын көрдік.
Біз қашып келе жатқан екеуінің біріне тигізіп аламыз ба деген қауіппен мылтық атуға батылымыз бармай, бөгеліп қалдық; шынын айтсақ, мұндай алыс жерден атылған оқтан ешқандай қайыр жоқ та еді.
Келер мезетте қорқынышты көріністің куəсі болдық. Гуд өзінің еуропалық киімге құмарлығының жазасын тартты. Егер ол біз құсап өзінің шалбар, гетрімен қоштасып, аяғына вельдскун, үстіне жеңіл аңшы киімін кисе, жаралы аңға жеткізбес еді. Енді еркін жүгіруге шалбары бөгет жасап келеді. Ал бізге алпыс ярдтай қалған кезде, аяғындағы табаны шөп егеп жылтырланған еуропалық үлгідегі бəтеңке тайғанап кетті де, Гуд тура пілдің алдына құлап түсті.
Зəреміз ұшып, бəріміздің де жан даусымыз шықты. Гудтың өлім сағаты соққаны анық еді. Сонда да бір себіміз тиер деген үмітпен көмекке ұмтылдық.
Үш секундтан соң бəрі де бітті. Тек оқиға біз күткеннен гөрі өзгешерек аяқталды.
Мырзасының тайып жығылғанын Хиуа да көрген еді. Жаужүрек бала қалт бұрылды да, пілге өзінің қолындағы ассегайын лақтырды. Найза пілдің тұмсығына қадалды.
Жаңа жара жанына батқан піл ышқына өкіріп, Хиуаға қарай ұмтылды. Байғұс баланы бір-ақ қағып жерге жықты да, бөренедей аяғымен басып тұрып, кеуде тұсынан тұмсығымен орап ап, тартып қап, қақ бөлді.
Бойымызды үрей буған біз мылтығымызды тынымсыз атып, алға қарай жүгіре бердік. Ақыры теңселе бере гүрс етіп, піл де құлады.
Біз келгенде Гуд жас өмірін құрбан етіп, өзін аман сақтап қалған батыр баланың жансыз мүрдесінің басында қайғыға батып егіліп тұр еді. Өз
өмірімде талай хикметті көрген менің өзім көңілімнің қатты бұзылғанын аңдадым.
Омбопа теңкиіп жатқан зор пілге, қызыл қанға батып мылжаланған бейшара зұлыстың мүрдесіне қадала қарап үнсіз тұрды.
Уақа емес, – деді ол кенет. – Рас, Хиуа өлді, бірақ ер өлімімен, ақ өліммен өлді.
тарау
Do'stlaringiz bilan baham: |