Бекіту сұрақтары:
1.Абай орыс ақындарынан кімдердің шығармаларын аударды?
2.Көркем аударма саласын дамыту жөніндегі еңбектері?
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.«Абай» энциклопедиясы.
2.\\ Абай журналы - № 7-9
12-тақырып.Абайдың қарасөздері
Сабақтың мақсаты: Абайдың қара сөздерінің мән мағынасын кеңінен ашып, зерттеу. Ақын осы сөздері арқылы не айтқысы келді соны мәнін ұғынуға бағыт беру. Абай сөзінің құндылығын әр қырдан талдау.
Тірек сөздер: ғақлия сөз, қара сөз, ақыл, ғылым, парасат, адам, мінез, мансап, жан, құмарлық, тән, ғибарттану, адамгершілік т.б.
Сабақтың жоспары:
1.Абай сөздерінің жіктелуі
2.Тақырыптық жүйесі, оның ақын өлеңімен үндестігі.
Абай XIX ғасырдың 90-жылдары өзінің ой толғаныстарын қара сөздермен жазған. Өз шығармасын қара сөзбен жазудың публицистикалық түрінің негізін қалаушы Шоқан болса, көркем қара сөз қазақтың көркем жазба әдебиеті тарихында Ы.Алтынсариннен басталады. Одан әрі қарай дамытушы Абай болды.
Абайдың қара сөздері- көркем әңгіме емес, ғақлиялық даналық сөздер. Онда ғылыми философиялық толғаныстар кең орын алған. Абай қара сөздерді жазуға зор дайындықпен келген. Ол бұл еңбектерін діни сопылық теологиялық ғылымды да, жаратылыс заңдарын ашқан Галилей, Коперник, Спенсер, Ньютон, Пифагор, Сократ шығармаларын да, шығыстың ойшылдары- Фирдауси, Шамси, Қожа Хафиз, Бабыр т.б. еңбектерін де оқып, ақыл-парасаты әбден толықсыған шағында жаузға кіріскен. Ол қара сөздердегі келтірілген терминдік атаулар мен сілтемелерден немесе ой-пікір үндестігінен байқалады.
Абайдың қара сөздерінің өзіндік ерекшелігі бар. Сөйлемдері қысқа, мағынасы терең, оқушыға ой саларлық, ғибрат беуріді көздей құрылған. Көпшілік қара сөздерінде философиялық сұрау беріп, сол сұрауға өзі жауап беруге тырысады. Немесе өзімен-өзі кеңесу, ой- пікір білдіру үлгісінде құрылады. Бұл – Батыс, орыс ойшылдарының көп қолданған әдісі. Ғылым, көркемөнер, этика мәселелері туралы өз көзқарастарын білдіруде олар осы әдісті кеңінен пайдаланған.
Абай өзінің қара сөздерін жазудағы мақсатын былайша баяндайды. «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры, осыған бел байладым. Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Бұл –ел қамын ойлаған ұлы ойшыл-ғалымның өмір, қоғам, тіршілік, адамдар арасындағы қарым-қатынас жөніндегі көзқарасының жиынтығы, философиялық ой топшылауы еді.
Қара сөздердің жалпы саны – қырық алты. Олардың әрқайсысы әлеуметтік өмірдегі белгілі бір мәселені сөз етіп, ой-пікір білдіреді.
Абайдың қара сөздерін тақырып жағынан бірнеше топқа бөлуге болады.
Дүниенің тылсым сырын танып білу мәселесіне «Жетінші », «Он тоғызыншы»,«Отыз бірінші»,«Отыз сегізінші»,«Қырық үшінші» қара сөздерінде тоқталып, ой қорытады. Ол өзінің «Қырық үшінші» қара сөзінде «Адам баласы көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілімен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады да, содан білгені, көргені көп адам есті, білімді болады»дейді. Ал «Жетінші» қара сөзінде: «Бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі- ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі- білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деп талпынып, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыншымау. Бұл – жан құмарлығы… » деп жан мен тәннің байланысын ашуға талпыныс жасайды да, қырық үшінші сөзінде: «Адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты- ақыл, ғылым… Ол талаптылықпен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі» деген қорытынды жасайды.
Абай естіген нәрсені еске сақатудың, есті тәрбиелеп жетілдірудің жолдарын да сөз еткен. Ол өзінің «Отыз бірінші» сөзінде: «Естіген нәрсені ұмытпасққа төрт түрлі себеп бар: әуелі- көкірегі байлаулы берік болмақ керек, екіншісі- сол нәрсені естігенде я көргенде ғибраттану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек, үшінші- сол нәрсені ішінен бірнеше рет қайталап ойланып, көңілге берікту керек, төртінші- ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер ой кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы күлкішілдік, я бір қайғыға салынып, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе- күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер»,- деп ынта қоя тыңдау, естігенді ойда қайталап бекіту, көңіл-күйдің әр түрлі әсерлерінде үнемі салынып, беріліп кетпеу, ерік-жігерді тізгіндеп ұстау жөнінде педегеогикалық тұрғыдан ақыл-кеңес береді.
Абайдың «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» қара сөздері ілім-білімге ұмтылуға бөгет болатын надандық, талапсыздық, жалқаулық мінездерді сынауға арналған. Ол бірлік, тірлік деген сөздердің мәнін аша келіп, «Алтыншы» сөзінде «бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» десе, енді бір жерінде «ырыс алды –тірлік» дейді де, «Ол қандай тірлік?... Жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тіршілік итте бар…. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, еріншек атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болды…. Тірлік олар емес, көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адам еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
Кеселді жалқау, қылжақпас,
Әзір тамақ, әзір ас.
Сыртың пысық, ішің лас,
Артын ойлап ұялмас,-
Болып жүріп, тірімін деме, одан да алла жіберген ақ бұйрықты
Өлімнің өзі артық »,- дейді.
тАр-ұят, адамгершілік мәселелері «Бесінші», «Он бірінші», «Он сегізінші» сөздерінде әңгіме болады. «Отыз үшінші» сөзінде мал табудың жолдарын өнерден іздеу туралы өсиет айтады. «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі қазақтың әулиесі- сол…. Бірақ өнеріңді бұлдай, бағалай біл »дейді. Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озды. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де- ақымақшылдық » деген қорытынды жасайды.
Абай ғылым, білім, өнер жайын сөз еткенде, ең алдымен сауданың тегін білетін өзбек, татар жұртын, өнер ғылымның жолын қуған орыс жұртын үлгі етеді. «хикмет те, өнер де, мал да, ғылым да – бәрі орыста тұр. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына енеді… Орыстың ғылымы, өнері- дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі»-дейді. («Жиырма бесінші» сөзі)
Абайдың көптеген өлеңдеріндегі сияқты қара сөздерінде нақыл, мақал-мәтелге айналып кеткен айшықты сөз тіркестері жиі кездеседі.
Мәселен, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық», «Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол», «Қайратсыз ашу- тұл, тұрлаусыз ғашық- тұл, шәкіртсіз ғалым- тұл». Абай еңбектің адам баласының игілігі үшін аса қажетті іс-әрекет екенін айта келіп, оны жоғары адамгершілік қасиетпен байланыстыра қарастырады. Мәселен, ол: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамгершіліктің қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», «Әкесінің баласы- адамның дұшпаны, адамның баласы- бауырың»- деп бүкіл адам баласын сүю, халыққа, көпке пайдасын тигізу сияқты ұлы гуманистік қасиеттерді дәріптейді. Абайдың қара сөздеріндегі еңбек, ғылым, адамгершілік, әділдік, т.б. туралы озат ой- пікірлер оның ағартушылық, демократиялық көзқарасын айқындай түседі.
«Қара сөздер » Абайдың соңғы туындылары қатарына жатады. Себебі 1900-1904 жылдары арасында жүрек ауруының асқынуы салдарынан ұлы ойшыл өндіріп көп еңбек жаза алмаған. Сөйтіп, ол 1904 жылы 23 маусымда 59 жасында дүниеден қайтты.
Do'stlaringiz bilan baham: |