Бекіту сұрақтары.
Абайдың поэмаларының сюжеті қай ақыннан алынған?
Неліктен Абай Ескендірге адамның бас сүйегін берді?
Низами нұсқасымен Абай нұсқасын салыстырып, қорытынды жасаңдар?
Абайдың аяқалмай қалған поэмасы?
Пайдаланған әдебиеттер:
«Абай» энциклопедиясы.
\\ Абай журналы - № 7-9
\\ Қазақ тілі мен әдебиеті журналы «Абайдың поэмалары»№ 12 -2001жыл.
11-тақырып. Абайдың көркем аудармалары
Сабақтың мақсаты: Абай аудармаларының негізгі ойын, мәнін, мағынасын жете түсінідіріп, аударманың негізгі идеясын ашу.
Тірек сөздер: аударма, мысал, роман, шумақ, ұйқас т.б.
Сабақтың жоспары:
1.Абай аудармалары.
2.Абайдың аударма саласын дамыту жөніндегі еңбектері
3.Орыс ақындарынан Абайдың аударғандары: Крылов, Пушкин, Лермонтов.
Абайдың шығармаларын жинап бастырушылардың сөзіне сенсек, оның орыс әдебиетінен бірінші аударған шығармасы Лермонтовтың «Бородиносы». «Бородино» - Лермонтовтың Отанын сүйгендігіне, жерін, елінің ерлік тарихын сүйгендігіне кепіл шығарма. Бұл-Абайдың өз жерін, өз Отанын, өз елінің ерлігін сүюімен қабысады. Сондықтан бұл өлеңді аударудағы оның мақсаты да ап-ашық:-халқын, Отанын сүюде, ерлікке жұмылуда орыстан үлгі алуға шақыру.
«Бородинодан» кейін Абай өзінің сүйікті ақындарының өлеңдерін аудару ісіне ерекше мән бере қарап, қазақ елі үшін бұл істің пайдалы екенін ескеріп және өзінің ақындық шеберлігін ұштай да өрістет түсуге орасан ықпалы бар екендігін сезіп, Пушкиннің «Евгений Онегинінен» бірнеше үзінділер, Лермонтовтан 20 шақты өлең, Крыловтан 15 шақты мысал аударады.
«Бородинодан» кейін Абайдың аударуға кіріскені- «Евгений Онегиннен» үзінділер. Пушкиннің бұл романнан басқа шығармаларын Абайдың аударғаны беймәлім.
«Евгений Онегинді » Абай тұтас аударған жоқ, одан оның аударғандары: романның басында Пушкиннің Онегинді сипаттауы, Татьянаның Онегинге жазған хаты, бақша ішінде жолыққан Татьянаға Онегиннің берген жауабы, Онегиннің Татьянаға жазған хаты, Татьянаның Онегинге берген жауабы.
Орыс поэтикасында «онегиндік шумақ» аталып, әр шумағы 14 жолдан құралатын, әр жолында 9 буын болатын, үйлесі-а,б,а,б,в,в,г,г,д,ж,ж,д,з,з боп келетін түр «Евгений Онегиннің» өн бойында өзгеріссіз сақталады. Абай өз аудармаларында бұл түрді қолданбай, «Онегиннің сипатын» шумағы төрт жолдан, әр жолы 11буыннан құралатын, үйлесі-а,а,б,а боп келетін түрмен – қара өлеңмен аударады.
«Онегиннің сипаты» -Абайда 34 жол өлең. Пушкиннің оригиналында да аударылған жолдарының саны 34.
«Онегиндік шумақтың» Абай түрін сақтамағанмен, мазмұнын сақтайды, образдарын тамаша дәл келтіреді: Пушкиннің оригиналы мен Абайдың аудармасын қатар оқып көрсең, мағынасы да, көркемдігі де дәл түсетініне ғажап қаласың.
Абай орыс ақындарынан 56 шығарма аударған, солардың сегізі Пушкиннен, он төрті Крыловтан; Мацкевич, Бунин, Полонскийден бір-бір өлең, авторы белгісіз үш өлең, ал қалған 28 шығарма Лермонтовтан.
Абайдың «Лермонтовтан аударды» дейтін шығармалары үш жүйеге бөлінеді:
Көлемі, мазмұны, көркемдігі Лермонтовтың оригиналымен дәл түсетіндер. Мәселен, Лермонтовтың «Выхожу один я на дорогу» деп басталатын өлеңі 20жол. Осы өлеңді Абай «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» деп бастап аударады да, 20 жолды 20 жолға сыйғызады. Осы сияқты аударылған бірнеше өлең бар. «Парус» («Жартас»), «Қараңғы түнде тау қалғып».
Көлемін қысқартып, негізгі мазмұны мен көркемдігін сақтап аударған өлеңдер. Мәселен, «Теректің сыйы» Лермонтовта 76 жол өлең, Абай оны қысқартып 38 жолға түсірген. Лермонтовта «Кабардинец» («Е р Серкеш»).
Жалпы сарыны, жалпы мазмұны ұқсап отыратын Лермонтовтан «аударма» деуден гөрі, «Лермонтовтың сарынымен» деуге келетін өлеңдер. Мәселен, Лермонтовтың «Дума» дейтін өлеңі оригиналда 44 жол өлең. Абайдың «Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы» деп басталатын өлеңі.
Абайдың Крыловтан аударғандары қазаққа түсінікті болатын мысалдар.
Лермонтовтың кейбір шығармаларын қысқартып аудару әдісін Абай Крыловқа да қолданады. Бірақ мысалдың басында я ақырында тұратын насихат сөздерін кейде өзінше бұрғаны болмаса, орыс тұрмысына ғана арнаулы, қазақ тұрмысында кездеспейтін кейбір әдет-ғұрыптың көріністерін қазақшалағаны болмаса, орыстың әдетіне байланысты кейбір теңеу, салыстыру, әсіреулерді қазақ әдетіне байланысты теңеу, салыстыру, әсіреулермен алғаны болмаса, жалпы оқиғалық мазмұнын бұзбайды. Мәселен, «Есек пен бұлбұл» деген мысалын Крылов «Бұлбұлға есек кездесті» деп оқиғадан тура бастаса, Абай:
Тойған есек шөпті оттап маңайдағы,
Сонырқап шатқа кетті қай-қайдағы,
Қаңғырып өлкені өрлеп келе жатып,
Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы,-
Деп бұлбұлға жолығар алдында есектің қыдырғанын баяндап алады. Крылов мысалдың аяғында: «Тәңірі, бізді де сондай қазыдан сақтағайсың»,- деп қорытынды пікірін бір ғана жолмен айтса, Абай:
Демеймін мені мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын,
Сөйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасын,-
Деп Крыловтың бір жолын төрт жолды бір ауыз өлеңге айналдырады.
«Шегіртке мен құмырсқа» - Крыловтан 30 жол өлең. Абайда 36 жол. Алты жолды артық қосқанда, Абай Крыловтың жолын жолға сыйғыза алмай отырған жоқ. Крылов:
Билеуге құмар шегіртке
Жазды ән сап өткізді,-
Ойлаған жоқ шұқыр деп,
Ызғарлы қыс кеп, көзді,-
Деп мысалын тура қыстың келуінен бастаса, Абай:
Шырылдауық шегіртке,
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөләйттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыгүні жапырақтың,
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң, кетті күй,-
Деп шегірткенің жазғы сайранын Крыловтан кеңірек толғап кетеді.
Do'stlaringiz bilan baham: |