Бақытымызға орай, Инфадус та, өзге көсемдер де қаланың əрбір бұрыш-қалтарысын, соқпақ, сорабын жетік біледі екен, сондықтан көзге түртсе көргісіз қараңғылыққа қарамастан алға тез əрі бөгеліссіз жылжыдық.
Біз бір сағаттан астам жүрген соң ай беті қайтадан ашыла бастады. Əуелі айдың мана қараңғылық алдымен бүркеген шеті көрінді. Кенет жарқ ете түскен күміс сəуле қара түнекті қақ жара жерге төгілген. Осы алғашқы сəулемен қабаттаса аспан əлемінде қараңғы қапасты нұрға бөлеген шырағданша жарқ етіп, жалын сияқты қып-қызыл, отты шұғыла пайда болды. Бұл – аса сирек кездесетін əрі ғажайып сұлу құбылыс еді.
Арада бес-он минут өтер-өтпесте жұлдыздардың да өңі қайта бастады. Төңіректе не барын аңдай аларлықтай жарық түсті.
Бақсақ, Луу шаһарының шегінен ұзап кетіппіз.
Аумағы екі миль шамалас, жайпақ төбелі үлкен дөңге тақап та қалған едік.
Бітіс-бейнесі жалпы Оңтүстік Африкаға тəн бұл төбешік онша биік емес еді. Ең биік деген нүктесі екі жүз футтан аспайтын. Алайда оның үлкен қойтастар басқан беткейі біршама тік, жарқабақты боп шықты. Төбе таға құсап иіле бітіпті. Төбенің үсті аумағы кең шөптесін əрі жазық үстірт алаң. Инфадустың айтуынша, бұл жер арнайы əскери лагерь ретінде пайдаланылатын көрінеді.
Əдетте үстірттегі гарнизон бір полк, яғни үш мың адам шамасында ғана болады екен. Алайда əрең-пəрең деп төбе басына шыққан шақта бұл арада бір емес, бірнеше полк тұрғанын аңдадық (бұл кезде қайтадан көрінген ай минут өткен сайын жарқырай түскен).
Табиғаттың аса сирек кездесетін ғажайып құбылысы шырт ұйқысын шайдай ашса керек, зəрелері ұша қорыққан қара нөпір жұрттан төбенің басы көрінбейді. Біріне-бірі тығылыса ұйлыққан жауынгерлер көкке қарап, үдірейісіп тұр.
Біз үн-түнсіз күйде қара нор топты жарып өтіп, үстірттің орта тұсындағы лашыққа қарай беттедік.
Бір таңғаларлығы, үй алдында біздің бар мүкамалымызды арқалаған екі адам тұр екен. Мана қарбаласта анау-мынауға қарауға, қайта айналып, өзіміз тұрған лашыққа соғуға шама келмеген.
Сіздердің дүниелеріңізге бұл кісілерді мен жібергем, – деді Инфадус.
Мына бір нəрсені де тапсырып ем. – Сөйдеді де, Гудтың баяғыда жоғалған шалбарын көрсетті.
Қуанышы қойнына сыймай шалбарына жармасқан Гуд бөгелместен киіне бастаған.
Əмірші ием шынымен-ақ өзінің сүйріктей сұлу аппақ аяғын біздің көзімізден тасаламақ па? – деді Инфадус өкінішке толы үнмен.
Бірақ Гуд алған бетінен қайтпады. Оның “сүйріктей сұлу аппақ аяғы” сүйсіне қараған кукуандардың көз алдында соңғы рет жалт етті де, шалбардың балағына еніп жоғалды.
Гуд мақтана сөйлеуді білмейтін, өте қарапайым адам ғой. Осы сəттен бастап кукуандар капитанның жарты сақалы, алып салмалы тісі мен шыны көзін ғана тамашалауға, соған қанағат етуге мəжбүр болды.
Гудтың шалбарына елжірей қараған, өткен қызық күндер турасында арманға батқан қалыпта Инфадус бізге шағын ақпар жасады. Жұртқа басталған көтерілістің мəн-жайын ұғындыру үшін жəне кукуан елінің заңды тақ мұрагері Игнозиді таныстыру үшін таң ата барлық полктер сапқа тұрғызылсын деген жарлық беріліпті сардарларға.
Күн шыға кукуан армиясының сүт бетіндегі қаймағы дерліктей ең таңдаулы бөлімдерден құралған жиырма мыңға тарта əскер кең үстірттің үстіне жиналды. Біз де солай қарай беттедік.
Жауынгерлер каре үлгісімен төрт бұрыштана сап түзеп, иін тіресе сығылысып тұр. Көз жауын алардай сұлу əрі айдынды сурет. Біз төрт
бұрыштың ашық бетіне кеп тоқтадық. Сол мезетте-ақ төңірегіміз көсемдер мен əскербасы сардарларға толып кетті.
Тыныштық орнаған соң Инфадус осы қасқа мен жайсаңдарға арнап сөз бастады.
Кукуан елінің ақсүйектеріне тəн қасиет – бұлардың көпшілігі туа біткен табиғи шешен келеді. Инфадус айшықты да əсем тілмен Игнозидің тарихын хикаялап берді. Оның əкесі – кукуан елінің заңды королін Тваланың опасыздықпен қалай өлтіргенін, қаза болған корольдің əйелі мен ұлы ел шетінен аласталғанын, олардың ғайыптан тірі қалғанын баян етті. Содан соң Твала билеген елдің езгіде, құлдықта екені, халықтың ауыр азап көріп отырғаны айтылды, бұған мысал ретінде алдыңғы түнде болған қасап қырғын, қылмыскер деген сылтаумен елдің игі жақсыларының, таңдаулы ұлдарының азапты өлімге кесілгені еске алынды. Бұдан ары Инфадус жұлдызда отырып жерге көз салған ақ көсемдердің кукуан елінің басына түскен қиын халді танып, білгені, жол азабына жəне басқадай қиындықтарға қарамастан жерге жетіп, кукуандарды қапас өмірден азат етуге бел байлағаны жайлы хикаялады. Осы мақсатпен деді ол, жұлдыздан келген көсемдер Кукуанстанның жат елде бейнет шегіп, қуғында жүрген заңды королі Игнозиді қамқорлыққа алды, оны қолынан жетелеп, қиян шөлді басып, сеңгір тауды асып, біздің елге келді. Бұдан соң ақ адамдардың король Тваланың қанды істерін өз көзімен көргені, ұлы мақсатқа біржола бел буғаны турасында айтылды. Олар екіойлы боп толқыған жұрттың көзін шындыққа жеткізу үшін жəне Фулата қызды ажалдан арашалап қалу үшін өздерінің сиқырлы күшімен айды өшірді, қанішер Скрагганы өлтірді. Олар алдағы уақытта да кукуандардың адал досы болып қала беруге əзір, кукуандардың қаражүрек Тваланы құлатып, өздерінің заңды королі Игнозиді əке тағына отырғызу жолындағы күресіне көмектесуге əзір.
Инфадус сөзін аяқтаған кезде мақұлдап бас изескен жұрт гуілдеп кетті. Осыдан соң алға Игнози шықты. Өз кезегінде ол да жиналған жұртқа арнап сөз сөйледі. Жаңа ағасы айтқан əңгімені қайтара айтып берген Игнози өзінің əсерлі де күшті сөзін былай тəмамдаған еді.
О, көсемдер, əскербасылар мен жауынгерлер, халайық! Сендер менің сөзімді естідіңдер. Ендігі таңдау өздеріңнен. Елдің заңды королі мені қолдаймысыңдар, əлде маған тиесілі тақта отырған, өзінің туған
ағасын өлтірген, оның жас сəбиін өлімге байлап, ел-жұрттан аластаған жауызды жақтаймы-сыңдар, өздерің біліңдер. Мен сендердің шын корольдеріңмін бе, жоқ па, оны мына игі жақсылар, – ол қасында тұрған көсемдерді көрсетті, – айтып бере алады. Өйткені бұлар менің денемдегі қасиетті жылан бейнесін өз көздерімен көрді. Егер королъ болмасам, сиқырлы күшке ие мына ақ адамдар мені қолдар ма еді?
Қалтыраңдар, көсемдер, қалтыраңдар, сардарлар мен сарбаздар! Құлдық ұр, халайық! Тваланың жанын үрей билеуі үшін осы ақ адамдар жер бетіне туғызған қара түнек əлі көз алдарыңда тұр емес пе?
Иə, иə, – десті жауынгерлер.
Мен сендердің корольдеріңмін, – деді Игнози сөзін одан ары жалғап. Еңсесін жазып, жалпақ жүзді айбалтасын жоғары көтерді. Алып дене айдынды да, айбатты да еді. – Мен корольмін деп тұрмын. Егер сендердің іштеріңде солай емес деп айтатын адам болса, бермен шықсын, мен сол сəтінде-ақ жер қаптырайын. Ақтарылып аққан қарақошқыл қан менің сөзімнің ақиқаттығының белгісі болсын. Қане, шықсын бермен, шықсын деймін! Омбопа жүзі күнге шағылысқан үлкен айбалтаны көкке көтере жарқылдатты.
Сірə, ешкімнің көңілінде бөтен ой болмаса керек, “Қане, Дилли, шық алға, аранын ашқан ажалға” деп келетін көпке тараған өлеңнің əскери нұсқасы іспеттес бұл сөздерге қарсы жауап айтушы табыла қоймады. Сондықтан біздің бұрынғы қызметшіміз таққа отырар алдындағы салтанатты сөзін одан ары жалғастырды.
Мен сендердің шын корольдеріңмін. Егер қан майданда менімен тізе қосып соғыссаңдар, сендерді жеңіске бастаймын, даңққа бөлеймін.
Алдарыңа мал салам, қойындарыңа қатын салам. Егер тағдыр соғыста өлуге жазған болса, жанымыз бір, бірге өлеміз. Алқа топ алдында тұрып ант етем. Ата-бабамның тағына отырған соң мен еліміздегі қантөгіс атаулыға тыйым салам. Жазықсыз жандардың жапа шеккенін, нақақ қан төгілгенін енді қайтып көрмейтін боласыңдар. Бақсылар, жазықсыз жандарды жазаға ұшырататын зікір түндеріне тыйым салынады, ешбір себепсіз, ешбір кінəсіз кісі өлтіру тоқталады. Егер ауыр қылмыс жасамаса, ешбір адам өлімге кесілмейді. Мал-басың талауға түсу, үй-жайың тонауға түсу тоқталады. Əркім өз үйінде тыныш ұйықтайтын болады. Бүкіл жерімізге əділет шапағаты орнайды.
Ал енді айтыңдар, қасқа мен жайсаң, ер-азамат, айтыңдар, халайық, кім жағындасыңдар?
Кім жағында екеніміз мағлұм, о, король! – десті жұрт күңірене шулап.
Жақсы. Енді бұрылып, жан-жақтарыңа қараңдар. Тваланың хабаршылары төңіректің төрт бұрышына асыға шапқылап бара жатыр. Ауыр əскер жинамақ, мені, сендерді, маған дос əрі қамқоршы ақ адамдарды, осы тұрған бəрімізді өлтірмек, қырып-жоймақ. Не ертең, не бүрсігүні Твала əзірге өзіне адалдық сақтап тұрған барлық əскерімен осы арадан табылады. Міне, сол қанды шайқас үстінде танылады, сендердің қайсысыңның маған шын берілген ерлер екендігің, қайсыңның ақ іс, əділ іс жолында жауға қарсы тайсалмай шаба алатындарың. Жеңіс қуанышын тойлаған, олжа бөліскен кезде мен бұл адамдардың соқталы сыбаға алатынын мəлімдеймін. Мен көңілімдегі сөзімді тегіс айттым, о, көсемдер, сардарлар, жауынгерлер мен қараша жұрт. Енді өздеріңнің бекініс жайларыңа барып, алда тұрған ауыр ұрысқа əзірлене беріңдер.
Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнай қалды. Содан соң көсемдердің бірі қолын көкке көтеріп еді, жиырма мың əскер жер- дүниені күңіренте айқайлады.
Бұл – осы арадағы барлық полктер Игнозиді өзінің королі деп танығанын білдіретін.
Артынша жауынгерлер лек-легімен өздерінің тиесілі орындарына тарады.
Жарты сағаттан соң біз полк басқарушы көсемдер тегіс қатысқан əскери кеңес шақырдық.
Көп ұзамай-ақ күші басым жаудың бізге қарсы шабуылға шығары анық еді. Шынында да, қарауыл шоқыда отырған бізге жаудың күш топтап жатқаны, елдің түкпір-түкпірінен əскер жинау үшін қаладан шартарапқа шапқыншылар аттанғаны тегіс көрініп тұрды.
Біздің қолымыздағы күш – елдегі ең таңдаулы жеті полк. Ұзын саны жиырма мыңдай ғана əскер. Инфадустың жəне басқа көсемдердің есебінше, қазіргі кезде Твала өз жағында қалған əскердің басым көпшілігін Луу шаһарына жинап үлгерді. Бұл – кем дегенде отыз-отыз
бес мың жауынгер. Ертең түске дейін бұл ауыр қолға құрығанда бес- алты мың адам тағы келіп қосылмақ.
Твала жағындағы əскердің біразы бізге өтіп кетуі ықтимал екендігін де есепке алдық. Алайда қайткенде де солай болады деп бұған үміт артуға негіз жоқ-ты. Əзірге күмəнсіз нəрсе біреу-ақ: жау бізді біржола талқандауға мұқият əзірленіп жатыр.
Мұздай құрсанған мың сан жауынгерден құралған жекелеген отрядтар біз бекінген қырқаны төңіректей бастады. Үлкен шабуылға əзірлік жүріп жатқаны айдан анық.
Бірақ Инфадус та, өзге көсемдер де жау дəл бүгінгі түнде шабуылға шыға қоймас деген сенімде еді. Дайындық жұмысы аяқталып бітердей болған жоқ. Оның үстіне, түнде айдың тұтылуы кукуандарға біздің сиқырлы күшке ие, құдіретті жандар екендігімізді əйгіледі, осының нəтижесінде жұрт көңілінде туған үрей, ауыр əсер біраз сейіліп, жауынгерлер ес жинауы қажетті. Біздің əскербасылар шабуыл ертең таңертең болады деп кесіп айтты. Бұл сөз, шынында да расқа айналды.
Бұл екі ортада біз де қарап жатқамыз жоқ. Өзіміз алған шепті нығайта түсу, бекіте түсу үшін жатпай-тұрмай жұмыс істедік. Қол қусырып отырған бір жан болмады.
Қажетті шаруаны тəмамдап үлгеруте уақыт жетпейтін көрінген. Алайда бір күн ішінде қыруар іс тындырдық.
Біз бекінген қырқа шындығында бекініс емес, демалыс орны тəрізді еді. Бұл ара əдетте елдің ауа райы жайсыз аймақтарындағы ауыр қызметінен қажыған əскер бөлімдері жататын лагерь ретінде пайдаланылып келіпті. Сондықтан лагерьді шын мəнісіндегі бекініске айналдыруға кірістік. Қырқаның басына көтерілетін соқпақ, сораптар, оңтайлы жерлерді түгел таспенен тығындадық. Үлгергенімізше, мүмкін болғанынша бекініп бақтық. Жапырлап келе жатқан жаудың үстінен домалатуға арнап қолайлы деген тұстарға төбе-төбе етіп жұмыр тастар үйдік. Əр полкке арнайы орын сайланып берілді. Бір сөзбен айтқанда, бəріміз жабылып ойлап тапқан, қолдан келген дайындық, сақтық əрекеттерін тегіс жүзеге асырдық.
Екінді əлетінде бір топ жауынгердің Луудан шығып, бізге қарай беттегенін аңдадық. Басшыларының бірі қолына жапырақты хұрма бұтағын көтерген. Елшіміз деген белгі.
Елші жақындап келген кезде Игнози, Инфадус, сардар өкілдері жəне сэр Генри, Гуд үшеуміз қырқаның етегіне түстік.
Елші – иығына қабылан терісінен тігілген жақы жамылған, алып тұлғалы, ер кейіпті кісі екен.
Сəлем бəріңе, – деді ол қасымызға тақаған соң күмбірлеген дауыспен. – Король өзіне қарсы аруақ аттап, ант бұзып арамза соғыс бастаған адамдарға сəлем жолдайды. Ашулы арыстан өзінің аяғының астында жатып ызамен ырылдаған қорқау қасқырларға сəлем айтты.
Сөйле! – дедім мен.
Корольдің сөзі мынадай. Беріліңдер, əміршінің дəргейіне бас ұрыңдар. Əйтпесе көрген күндерің көр болады. Қара бұқаның жауырын еті жұлынды, арқасынан ақтарылып қан аққан жануарды король лагерьді айнала қуып жүр1.
Твала ұсынатын шарттар қандай? – деп сұрадым мен əуесқойлық жетегімен.
Ұлы корольдің атына лайық, кеңшілікті əрі мейірбан шарттар қояды Твала. Ұлы Тваланың, Жалғызкөз Тваланың, мың əйелдің Серкесі, кукуан елінің Əмірі, Даңғыл Жолдың Қамқоры, сеңгір шындарды күзетіп отырған Тұнжырлардың Сүйіктісі, Қара Сиырдың Торпағы, басқан ізі жерді теңселткен Піл, Жауыздардың Құбыжығы, Алып Денелі, Асқан Қайратты, Дана көсем, əлімсақтан қалыптасқан салт бойынша ата тағында отырған Твала, Қаһарлы Твала, Қара Твала былай дейді. Құлақ салыңдар Тваланың сөзіне: “Мен мейірбандық көрсетем, көп қан тілемеймін. Тек əрбір он адамның бірі ғана өлуге тиіс, қалған жұртқа тегіс кешірім жасалады.
Алайда менің ұлым Скрагганы өлтірген Инкубу дейтін ақ адам, оның қызметшісі, менің тағымнан дəмеленіп, бүлікке жел берген қара жігіт жəне өзінің туған бауыры – маған қарсы қару көтерген Инфадус үшеуіне ешқандай кешірім жоқ, бұл кісілер Тұнжырларға құрбанға
шалынып, ауыр азап үстінде өлтіріледі”. Мейірбан короліміздің сөзі, міне, осы.
Басқа жұртпен аз-маз кеңесіп алған соң мен бұл мейірбан сөздерге тиесілі жауап қайтардым. Қыр басындағы жауынгерлер тегіс естісін деп даусымды көтере айқайлап сөйлеген едім.
Қара төбет, өзіңді осында жіберген Твалаға мына сөздерді жеткіз. Біз
Кукуанстанның заңды королі Игнози, Айдың өзін өшіру қолынан келетін сиқырға ие, құдірет-күшке кемел, жұлдыздан түскен данышпан ақ адамдар, Инкубу, Бугван жəне Макумазан, король нəсілінен шыққан қолбасы Инфадус, көсемдер мен сардарлар, мың сан жауынгерлер, осында жиналған бар халық Твалаға былай деп мəлімдейміз. Біз бас имейміз, бағынбаймыз. Арада анық екі күн өтпей, Тваланың өлі денесі өзінің краалінің алдында топыраққа былғанып жатады, ал əкесін Твала өлтірген Игнози оның орнына ел билігін қолына алады. Ал енді таяқ ойнатпай тұрған кезде табаныңды жалтырат. Біз сияқты адамдарға қарсы қол көтерем деп басыңнан айырылып жүрме.
Елші қарқ-қарқ күлді.
Ер жігіт құр бопсадан ықпас болар, – деді көтеріңкі дауыспен. – Айды өшіре алатын сабаздар, ертең көрерміз, қаншалық ер екендеріңді. Соғысып бағыңдар, қоқила-ныңдар, мəз болыңдар əзірге – жанары өшкен көздеріңді қарға шоқып, ақсөңке сүйектеріңді шибөрілер мүжіген шақта қыбыр етуге де шамаларың келмес. Хош болыңдар! Бəлки, ертең ұрыс үстінде бетпе-бет кездесерміз. Бар тілегім, мен қолыма қару ұстап оралғанға дейін жұлдыздарыңа қайтып кетіп жүрмеңдер!
Бізді келеке еткен осы соңғы сөзін айтысымен елші бөгелмеді. Ұзамай күн де ұясына қонды. Жер бетін қараңғылық бүркеді.
Бəріміз де сілеміз қата шаршаған едік. Соған қарамастан: əлі де қаншама шаруа жасауға тура келді. Ай жарығын пайдаланып, ертеңгі ұрысқа дайындық жұмысын одан əрі жалғастырдық.
Біз алдағы шайқас туралы кеңесіп отырған жерге хабаршылардың бірі келіп, бірі кетіп, сабылысып жатты; не істеу керектігі турасында
бұйрық апарады, іс жайы жөнінде ақпар əкеледі. Мың сан əскер жанталаса қимылдауда.
Ақыры, түн ортасы ауа бере қолдан келуі мүмкін болған шаруаны тегіс тəмамдадық. Жұрт жаппай ұйқыға кетті. Тек жасауылдардың өзара тіл қатысқан дауыстары ғана меңіреу түн тыныштығын бұзып тұр.
Сэр Генри екеуміз қасымызға Игнозиді жəне көсемдердің бірін ертіп, қырқадан төменге түстік те, алғы шепті адақтап шықтық. Ілгері аттаған сайын адам күтпеген жерден найзалары айға шағылысып, өре түрегелген, біз паролімізді айтысымен қайтадан зым-зия болған сақшылар тобына ұшырасып отырдық. Күзет үстіндегі жауынгерлердің қырағылығы мағлұм болды. Содан соң біз ауыр ұйқы құшағында қарақұрым боп жатқан жауынгерлердің арасымен жайлап өтіп, кері қайттық.
Ай жарығы мың сан найзаның сүңгісіне шағылыса жарқырайды. Ұйқыдағы жауынгерлердің ақ сəулемен бозарып көрінген беттері қан- сөлі қашқан өліктің беті тəрізді. Олардың бастарындағы түнгі салқын жел тербеген айдар қауырсындары табыт тиелген арбаға қадалған қауырсындарға ұқсап кетеді. Ұйқы-тұйқы боп, ретсіз жатқан жауынгерлердің бозғылтым сəулеге шомған ер тұлғалы арыс денелері ғажайып сырлы кейіпке бөленгендей.
Қалай ойлайсың, келер кешке осы жігіттердің қаншасы тірі жетер екен? – деп сұрады сэр Генри.
Мен ұйқыдағы сарбаздардың жүзіне қадала қарап отырған қалпымда басымды шайқадым да қойдым.
Сілем қатып шаршағаныма қарамастан қиялым шарықтап, көз алдыма не түрлі алапат суреттер елестеді. Ажалдың суық қолы мына жатқан адамдарды алқымдай бастағандай. Қан жұтып, жер құшады-ау деген кісілерді ойша белгілеп те қойдым. Адам өмірінің құпия сыры туралы асқақ ой кернеді кеудемді, содан соң өзекті жанның өлімнен қашып құтыла алмайтыны жөнінде мұңға бөлендім.
Міне, қазір мың сан халық түн тыныштығын жамылып, рақат ұйқы құшағында жатыр, ал осылардың қаншамасы жер жастанады, тек бұлар ғана емес, жау жағынан да мыңдаған адамның өмірі үзіледі;
бəлки, мына біз де жарық дүниемен қоштасатын шығармыз; бəріміз де ажал құшағында қимылсыз, тілсіз қатып семіп жатармыз. Қаншама əйел жесір қалады, қаншама бала жетім қалады, қаншама ошақ тұл болады. Тек шабдар жүзді кəрі ай ғана бұрынғы қамсыз қалпында жерге сəуле төгіп тұра береді; су ағады, жел соғады, табиғат сол бұрынғы қалпынан танбайды; алып жер, айдынды жер керіліп, рақат ұйқы құшағында жата береді; мына адамдар дүниеге келерден бұрын бақи уақыт бойы солай болған, бұл адамдар дүниеден көшіп, біржола ұмытылған соң да солай болып қала бермек.
Алайда əлемнің мəңгі екені анық болса, адамның өлмейтіні де анық. Рас, оның аты ұмытылады, бірақ ол дем алған ауа бұрынғыша жер бетіндегі тіршілікке нəр беріп тұрады, оның аузынан шыққан сөз енді басқалардың аузына көшеді, ақылы дүниеге əкелген ойлар енді басқалардың сыбағасына айналады. Оның бойын билеген құмарлық біздің дүниеге келуімізге себепкер болды, оның қайғысы мен қуанышы біздің бойымызда да бар, ал ол шошыған, қайтсе де қашып құтылуға тырысқан, бірақ бəрібір аранына түскен ажал – бізді де күтіп тұр.
Əлем шынында да елестерге толы; бұл – көрден шыққан, ақ кебін жамылған аруақтар емес, өмірдің өлмес, өшпес бөлшектері, бұл – бір тұлғадан екінші тұлғаға, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа көшіп келе жатқан, мəңгі жасайтын өмір ұрқы.
Мақалда айтылатындай, “сұлуды емес, сүңгіні құшақтап” ұйықтаған жауынгерлердің ығы-жығы боп, неше түрлі кейіпте жатқан айбынды бейнелеріне қарап отырып мен осы тектес ойларға шомдым. Кəрілік жақындаған сайын, өкінішке орай, көп ойланатын дертке шалдыққан едім.
Куртис, – дедім мен сэр Генриге қарап. – Ұят та болса айтайын, зəрем кетіп, үрейім ұшып отырмын.
Сэр Генри өзінің ақ сары сақалын салалап сəл бөгелді де, жымиып күлді.
Бұл іспеттес сөзді сіздің аузыңыздан бұдан бұрын да талай рет естіп ем, Куатермэн, – деді ол.
Солайы солай. Бірақ осы жолы шын айтам. Білсеңіз, мен қайсысымыздың болмасын келер түнді көре қоятынымызға қатты күмəнданам. Шабуыл жасайтыны жаудың күші бізден əлдеқайда артық, шепті ұстап тұра алуымыз екіталай, тіпті оған үміт аз.
Қайткенде де оңайлықпен берісе қоймаспыз. Тыңдаңыз, Куатермэн, біздің халіміз нашар, əу бастан шатақ іске араласпау қажет еді. Ал енді осылай болып қалған соң, амал жоқ, қолдан келгенше қимылдап бағу керек. Өз басыма келсек, ақыр өлу қажет болса, соғыста өлгенді қалар едім. Оның үстіне, бақытсыз бауырым табыла ма деген үмітім біржола кесілуге айналды, сондықтан өлімнен шошынар жайым жоқ. Алайда бақ – батылдардың басына қонуға тиіс, бəлки, жолымыз болып та кетуі. Əрине, нағыз қасап қырғын болады. Атақ-абыройымызды сақтау үшін біздің ең қатерлі жерлерде шайқасуымызға тура келер.
Соңғы сөзді сэр Генри түнеріңкі үнмен айтты, бірақ жарқ-жұрқ еткен жанары оның көңіл күйі дауыс əуеніне мүлде қарама-қарсы екендігін əйгілейтін. Маған тіпті сэр Генри қанды ұрысқа тіленіп тұрған тəрізді көрініп кетті.
Бұдан соң біз өзімізге арналған лашыққа қайттық. Екі сағаттай ғана ұйықтадық.
Күн шығар алдында бізді Инфадус оятты. Жағдай туралы ақпар беруге келіпті. Шаһар төңірегі құжынаған əскер деді ол. Жаудың жекелеген ұсақ отрядтары біздің алғы шепке қарай беттеген де көрінеді.
Біз тұрып, ұрысқа сайлана бастадық. Алдымен үстімізге берен сауыттарымызды кидік. Дəл қазіргі жағдайда себіл тоны үшін Твалаға қарыздар едік. Сауытты үстіне рақаттанып тұрып киген сэр Генри кукуан жауынгерлерінен аумай қалды.
Кукуанстанға келген екенсің, кукуанша жүр, – деді ол өзінің кең иығына сауытты қомдай киіп жатып.
Сауыт сэр Генриге шақ екен, жараса кетті. Алайда ол тек сауытпен ғана шектеліп қалмады. Инфадусқа толық əскери киім алғызды.
Иығына тек көсемдер ғана киетін, қабылан терісінен жасалған жақы жамылды, жоғары дəрежелі қолбасыларға ғана лайықты салт жөнімен басына түйеқұстың қара қауырсындары қадалған бөрік киді жəне буйволдың аппақ құйрықтарын беліне орай байлап алды. Бұтына муча, аяғына сандал киді, бір қолына ауыр айбалта, екінші қолына ақ буйвол терісімен қапталған қалқан ұстады. Кукуан əскери тəртібі бойынша қатарынан үш селебемен қаруланды (мұның екеуі қалқанның ішкі бетіне бекітіліп, біреуі белге қыстырылатын). Осының бəрінің үстіне өзінің тапаншасын қосты.
Əрине, бұлай киіну – адамға жабайы кейіп беретін, бірақ дəл осы қалыпта сэр Генридің алып денесі бұрынғыдан да айдындана түсті, мен өмірімде мұндай айбарлы, мұндай сұлу тұлғалы еркек көрмеген едім.
Көп ұзамай біздің үстімізге Игнози келді. Ол да дəл жаңағыдай киініпті. Егіз алып, қос баһадүр тұр еді біздің алдымызда.
Сауыт Гуд екеуміздің үстімізге де дəл осылай жараса кетті деп мақтана алмаймын.
Капитан өзінің шалбарын тастағысы келмеді. Мойындау керек қой, бір көзіне монокль тағынған, бір жақ беті тап-таза, екінші жақ бетінде жарты сақал бар, үстіне салпылдаған сауыт киіп, оны ұйпа-тұйпасы
шыққан ши барқыт шалбарының ішіне жібере шарт буынып алған аласа бойлы, төртбақ, толық денелі джентльменнің ұсқыны адам атаулыны таң қалдыруы мүмкін, бірақ тірі жанды айдындырмасы анық.
Менің өз басыма келсек, өте үлкен болғандықтан, сауытты бар киімнің сыртынан кидім; соның өзінде көлкілдеп тұрды. Оның үстіне мен шалбарды шешіп тастап, жалаң вельдскунмен ғана ұрысқа кіруге бел байладым, шегіне қалсақ, қашуға оңай болу үшін жасаған қам еді.
Қолданып та, қорғанып та жарытпайтынымды біле тұра найза мен қалқан, екі селебе пышақ алдым. Беліме тапанша байладым. Өңіме айбат, жүзіме ызбар беру үшін басымдағы аңшы бөркіме үлкен шоқ қауырсын қыстырдым. Байқап отырсыздар, менің кейпім жұпынылау шықты.
Айтпақшы, осы қару-жарақтың үстіне біз, əрине, винтовкаларымызды да ұмытқан жоқпыз. Бірақ патрондарымыз тым аз болғандықтан мылтықтан келер қайран да шамалы еді, сондықтан оны соңымыздағы нөкерлеріміз көтеріп жүретін болды.
Сақадай сайланып алған соң асығыс ас іштік те, іс жайын қадағалау үшін тысқа шықтық.
Қырқаның қала жақ бетінде біздің əрі штабымыз, əрі бақылау пунктімізге айналған қоңырқай жартасты кішкене төбешік бар еді. Инфадусты жəне ол бастаған Сұр сарбаздар полкін біз осы арадан таптық.
Біз алғаш шекаралық краальде көрген бұл полк, сөз жоқ, бүкіл кукуан армиясындағы ең таңдаулы əскер бөлімі еді. Үш мың бес жүз адамнан құралған полк қазір резервте тұрған. Жауынгерлер Луудан құмырсқаша шұбырып шыққан король əскерлеріне қарап, топ-тобымен көгалда жатыр.
Сап түзей ұзыннан ұзақ созылған əскерде шек жоқ тəрізді. Жау үш лекке бөлінген екен. Əр лекте кем дегенде он бір-он екі мыңнан адам бар.
Қала сыртына шыққан соң жау қолы сапқа тұрып, қатар түзеді. Содан соң бір лек оңға бұрылды, екінші лек солға қарай беттеді, ал үшінші
лек əскер тура бізге қарсы жүрді.
А-а! – деді Инфадус. – Олар бізді бір мезгілде үш жақтан қатар қыспаққа алмақ!
Бұл – өте жайсыз хабар еді. Біздің қырқа басындағы, ұзындығы кем дегенде бір жарым мильге созылған шебіміздегі əскер саны селдір. Қолдағы күшті жинақтап, белгілі бір пункттерде ғана қорғану əлдеқайда жеңілге түсер еді. Бірақ жауға былай жасалған шабуыл бізге қолайлы болады деп айта алмайсың, амал жоқ, осы күрделі ұрыс шартын қабылдап, əл келгенше шайқасып бағу қажет.
Шепте жатқан барлық əскерге шабуылды тойтаруға əзірленіңдер деген бұйрық жібердік.
XІІІ тарау ШАБУЫЛ
Жаудың үш лек əскері аптығып саспастан, абдырап қатар бұзбастан үш жақтан бірдей жақындап келеді. Бізге бес жүз ярдтай қалғанда ортадағы əрі ең басты лек, біз бекінген, Луу жақ бетке қарай, таға тəрізді иіліп біткен қырқаның ішіне сұғына бойлаған түбек іспеттес қолатқа жете бере тоқтады. Қалған екі лек қырқаны айналып өткенше осы арада тосып тұрмақ, содан соң бір мезгілде үш жақтан бірдей шабуыл басталмақ.
Шіркін-ай, қолымызда гетлинг1 болса ғой! – деді Гуд төменде, иық тіресе жыпырлап сапқа тұрған жауынгерлерге қарап. – Арада жиырма минут өтпей, мен мына жазықты тазартып берер ем.
Жоққа жүйрік жетпейді, – деді сэр Генри, – бас қатырып қайтесіз. Ал, Куатермэн, атып көрсеңіз қайтер екен? Менің байқауымша, осы лектегі барлық əскерге ана бір ұзын бойлы кісі басшылық етеді, соған оғыңыз жетер ме екен? Бірақ, меніңше, оған нақ тигізу мүмкіндігіңіз бен мүлт кету мүмкіндігіңіз пара-пар сияқты. Тура бір соверен бəс тігейін, əрине, осы хикметтен басымызды арашалап аман шықсақ өз қолымнан берем, сіздің оғыңыз нысанаға кем дегенде бес ярд жетпейді.
Бұл сөз менің намысыма тиді. “Экспресті” жарылма оқпен оқтадым да, біздің шебімізді анықтап көргісі келген қолбасы қасына нөкерін ертіп, топтан он ярдтай ұзап шыққанша күтіп отырдым. Содан соң етпетімнен жатып, винтовканы тасқа сүйеп, мұқият көздедім.
Қашықтыққа сай траекторияны жəне мылтығымның тек үш жүз елу ярд жерден ғана ұратынын ескеріп, тура тамақтан көздегем.
Есебім бойынша, оқ кеудеден тиюге тиіс болатын. Қолбасы қамсыз қалыпта, қозғалмай тұрды, қағып түсіретін-ақ сияқты едім. Əлде кенет жел соғып кетті ме, əлде менің көңіл толқынысым əсер етті ме немесе аралық мөлшерден тыс қашық болды ма, əйтеуір ойым ақталмады.
Нық көздеп тұрып шүріппені тарттым. Түтін тараған кезде қарасам, қолбасы аман-сау, бəз-баяғы орнында тұр, ал жаңа оның сол жағында үш қадамдай жерде тұрған нөкер жерде құлап жатыр, сірə, оқ тиген сəтте жан тапсырса керек. Менің қаншалық күйінгенімді айтып жеткізу қиын.
Есін жиып алған қолбасы асып-сасып жалт бұрылды да, арттағы əскеріне қарай қаша жөнелді.
Жарайсың, Куатермэн! – деді Гуд айқайлап. – Бəлемнің зəресін ұшырдың!
Бұл сөз мені одан əрмен күйдірді. Мен үшін дүйім жұрт алдында атқан оғымды нысанаға дарыта алмағаннан артық ұятты іс жоқ еді. Жалғыз- ақ істің білгірі саналатын адам қашанда осы кəсіптің асқан шебері деген абыройын жоғары ұстауға тырысады. Сəтсіздіктің жыныма тигені соншалық, құтырып кете жаздадым. Сол сəтінде екінші бір əнтек іске ұрынғаным. Асығыс көздедім де, қашып бара жатқан генералдың соңынан екінші оқты жібердім. Абырой болғанда, оқтың нысанаға дəл тигені – байғұс қолын ербең еткізіп жоғары көтере бере мұрттай ұшты. Ал мен қуанышым қойныма сыймай, нағыз жабайы кейіпте масаттансам керек. Мұның бəрін айтып отырғаным, пенде қашанда пенделігін жасайды екен, өзіміздің қауіпсіздігіміз, атақ- абыройымыз, мансап-дəрежеміз сарапқа түскен шақта басқа жұрт туралы ойды көңілден біржола аластаймыз ғой.
Менің ерлік ісімді көрген біздің жауынгерлер айқайласып шуласып, қуана ризашылық білдіріп, мəз боп қалды. Осының бəрі біздің
сиқырлы күшіміздің жаңа дəлелі ғана емес, жақсы жоралғы ретінде де қабылданса керек.
Сардарынан айрылған жау əскері (кейін білдік, оққа ұшқан адам шынында да осы лектің қолбасысы екен) сап тəртібін бұзып, үйме- жүйме боп кейін шегінді.
Сэр Генри мен Гуд винтовкаларын ала сала тарсылдатып атуға кірісті. Əсіресе жіті қимыл көрсеткен Гуд еді. Ол қарақұрым боп жапырлай шегініп бара жатқан жау тобына қорғасын оқтың бірінен соң бірін жөнелтіп жатты. Мен де екі рет оқ аттым.
Осының нəтижесінде жау əскері оқ жетер шамадан ұзап кеткенше біз жеті-сегіз адамды қатардан шығардық. Көп ұзамай-ақ оң жақ қапталдан жер күңіренткен үрейлі ұран естілді. Сол сəтінде-ақ бұл айбатты айқай-сүреңге сол қапталдағы жау əскері де қосылды. Ұран салған, қиқулаған мың сан қол біздің шепке екі қанаттан қатар қаптап қоя берді.
Екі бүйірден бірдей шыққан ұранды құлақтары шалысымен, қара нор боп бізге қарсы бетте тұрған жау əскері қайтадан қатар түзеді. Əлдебір жабайы əнге басып, айқай-сүрең салып, лап берді.
Қатарларын бұзбай, баяу жүріспен екпіндей алға басқан жау етектегі жасыл қолат арқылы шабуылдап келеді. Біз үшеуміз үсті-үстіне атып жатырмыз (Игнози бұл іске бой салып кірісе қойған жоқ), алайда көпке топырақ шашамысың, санаулы ғана кісіні өлтірсек керек. Қара нөпір боп қаптай төгілген жауға қарсы оқ ату – өркеш-өркеш, жал-жал толқынды қиыршық тас лақтырып тоқтатпақ болған əрекетпен пара- пар тəрізді еді.
Сүңгілерін жарқылдата сермеп айқайлай алға басқан жау қолы біздің қырқа етегіндегі күзет əскерлерімізді ығыстырып шығарды. Бұдан соң шабуыл бəсеңсіп қалды. Біз қарсылық көрсетпегенмен де, биікке қарай өрлеген жау амалсыздан баяу жылжуға мəжбүр болған.
Біздің алғы шебіміз беткейдің қақ орта тұсына орналасқан еді. Екінші шеп одан елу ярд жоғарыда, ал үшінші шеп қырқаның құлай беріс қабағында тұрған.
Жау:
Twala! Twala! Chiele! Chiele! (Твала! Твала! Ұр! Ұр!) – деген ұранмен, қатты айғаймен жоғары қарай өрлей берді, өрлей берді. Біздің жауынгерлер де ұран сала бастады:
Ignosi! Ignosi! Chiele! Chiele! (Игнози! Игнози! Ұр! Ұр!).
Жау тіпті жақын қалды. Ауада ілгерінді-кейінді
лақтырылған селебе пышақтар жарқылдай бастады. Содан соң екі жақ та жер күңіренте айғай-сүреңге басып, бетпе-бет айқасып кетті.
Қиян-кескі ұрыс басталды. Өліспей беріспен деп қан жұта шайқасқан, бақ тайып, басына қара күн туған адамдар күзді күнгі желмен ұшқан жапырақтай жапырлай жер құшып жатыр. Толассыз ажал, тоқтаусыз өлім.
Көп ұзамай саны басым жау дендей бастады. Біздің алғы шептегі, қатары селдіреген жауынгерлеріміз ұрыса шегініп, екінші шепке кеп қосылды. Ұрыс қайта қызды.
Жау тағы да басым түсті. Қара күшке төтеп бере алмаған біздің əскер селебе лақтырып, найза сілтеп, қаржыса шайқасып, жоғары қарай шегіне берді, шегіне берді.
Арада жиырма минут өткенде ұрыс дабылы біздің үшінші, ең соңғы шебімізге де жеткен еді.
Алайда бұл кезде жау əскері ауыр шайқастан қажи бастаған. Сандары да əлдеқайда көп селдіреген. Жараланғаны қаншама.
Үшінші шепті əуелгі екеуіндей тапап кете алмады.
Біраз уақ екі жақ табан тіресе айқасты. Қасап қырғын қанын қыздырған, бойын ашу буған жабайылар дауылды күнгі сеңдей ары бір толқып, бері бір толқып, жеңісе алмай көп қаржысты. Бірде бəсеңсіп, бірде жаңа күшпен қайта қызған ұрыстың қашан тынары белгісіз. Кім жеңері тағы беймəлім.
Сэр Генри манадан бері көздері оттай жайнап, қырғын соғысқа бажайлай қарап тұрған. Кенет бір ауыз тіл қатпастан орнынан атып
тұрып, қасап майданға араласып кетті. Гуд те оның артынан жөнелген. Ал мен болсам, осы отырған орнымда қала бергенді мақұл көрген едім.
Сэр Генридің алып тұлғасын көрісімен біздің жауынгерлер бойларына тың күш құйылғандай жауға қарсы жаңа қайратпен ұран сала ұмтылды.
Nanzia Inkubu! Nanzia Inkungunklovo! (Піл бізбен бірге!) Chiele! Chiele!
Осы сəттен бастап, ұрыстың немен аяқталарына ешқандай күмəн қалмады.
Қасарыса тірескен жау əскері кері ығыса бастады. Қайтпай шайқасқан беттері баяу шегініп, төмен қарай түсіп барады. Ақыры берекелері кетіп, қатарлары бұзылған күйде, еңісте резервте тұрған жауынгерлерге барып қосылды.
Осы кезде шапқыншы келіп, сол қанатта да шабуылдың тойтарылғанын хабарлады.
Аз уаққа болса да тыныштық тапқан шығармыз деп ойлап ем, астамшылық екен. Келер мезетте жалғыз мен ғана емес, бəріміздің бірдей зəреміз ұшарлық іс болды. Оң қанатта шайқасып жатқан жауынгерлеріміз қыр үстінде дүркірей қашып келеді. Соңдарында ұрандай өкшелеген қара құрым жау əскері. Шебіміз бұзылған, дұшпан бел алған.
Менің қасымда тұрған Игнози істің жай-жапсарын бірден аңдады да, қолма-қол біздің жанымызда тынығып жатқан резервтегі Сұр сарбаздар полкін тік көтерді. Сұр сарбаздар əп-сəтте сап түзеп, ұрысқа дайын бола қалды.
Игнози бөгелместен қарсы шабуылға шығу туралы бұйрық берді. Жаңа бұйрықты хабаршылар қағып алып, əскербасыларға жеткізіп жатыр.
Арада қас қағымдай да уақыт өткен жоқ, сорыма қарай, жауға қарсы жөңкіле шапқан көп əскердің қақ ортасында бара жатқанымды бір-ақ аңдадым. Қалай екенін өзім де білмей бастап кірісіп кеткен соң, жұртпен бірге жүгіре бергеннен бөтен амал қалмады. Алып денелі Игнозидің қасынан қалғым келмей, жанұшыра безіп келем. Қайтсем тезірек өлем деген қарекеттегі адам тəріздімін.
Уақыт адам айтқысыз жылдам өтіп бара жатқандай көрінді маған. Екі- үш минуттың ар жақ-бер жағында біз тым-тырақай қашып келе жатқан өз əскерімізді сыналай жарып өттік. Олар да қолма-қол ес жиып, біздің артымызда сап түзеп тұра қалды.
Содан соң... Содан соң не болғанын білмеймін. Үрейлі айқай... Біріне- бірі соқтығысқан қарулардың даңғыраған даусы... Бар есімде қалғаны, кенет қарсы алдымнан көзі адырая ұясынан шыққан, түрінен жан шошырлық еңгезердей қарақшы пайда бола қалды. Қан-қан болған найзасын тура өңменімнен қадағалы келеді. Мұндай құбыжыққа көзі түскен бетте көп жұрт өзінен өзі-ақ есінен танып құлар еді, бірақ мақтаныш болса да айтайын, мен сасқам жоқ. Əлдебір əрекет жасамасам, шаншып түсіруі анық екенін бірден ұқтым да, құбыжық маған ұмтыла бергенде, бар екпініммен оның аяғының астына құлай кеттім. Қарақшы аяғынан баса алмай мұрттай ұшты. Ол қайта тұрғанша мен де белімнен тапаншамды суырып үлгерген едім. Қолма- қол атып өлтірдім.
Осыдан соң біреу менің өзімді ұрып жықса керек, есімнен танып қалыппын. Əлдебір уақта есімді жидым. Басыма төніп Гуд отыр екен. Қолында су құятын қауақ. Жан-жағыма қарадым. Тастақ төбешіктің түбінде, яғни өзіміздің қырқа басындағы бақылау пунктімізде жатыр екем.
Хал қалай, қартым? – деп сұрады абыржыңқы үнмен. Мен тұрдым да, жауап берместен бұрын басымды сілкіп көрдім.
Рахмет, жаман емес.
Құдайға шүкір. Сізді осылай қарай əкеле жатқанын көргенде буын- буыным қалтырап кетті: біткен екен деп ойладым.
Бұл жолы, əйтеуір аман қалдық, достым. Басыма соққы тиген соң есімнен танып қалсам керек. Ал енді айтыңызшы, шайқас немен тынды?
Əзірге жау шабуылы барлық бағытта да тойтарылды. Шығында қисап жоқ. Өлгені бар, жараланғаны бар, екі мың адамымыз қатардан шықты, ал олар үш мыңдай кісіден айрылса керек. Мына көрініске қараңыз.
Гуд сілтеген жаққа көз салдым. Ұзыннан-ұзақ шұбырған жұрт бізге қарай беттеп келеді. Адамдар төрт-төрттен жіктеліп, зембіл көтеріп
алған. Өгіз терісінен жасалған, төрт бұрышына ұстауға ыңғайлы төрт ілгек қадалған мұндай зембілдер кукуан армиясының əрбір отрядында жеткілікті мөлшерде болатын. Міне, енді осы зембілдермен жаралы жауынгерлерді тасуға кіріскен екен.
Келіп жатыр, келіп жатыр. Шеті, шегі жоқ тəрізді. Əкелінген бетте жаралы адамдарды емшілер асығыс қарап шығады (əр полкте он емші болатын). Егер жарақат онша ауыр болмаса, жаралы жауынгерлерді тиесілі жерге алып кетеді де, мүмкіндігінше мұқият емдейді. Ал жара жазылады деген үміт болмаса, онда емшілердің бірі қолына өткір кездік алып, бақытсыз жанды айналдырып көрген боп тұрады да, күре тамырын қиып жібереді. Жарадар сорлы көп қиналмай, тез жан тапсырады. Əрине, сұмдық салт, бірақ екінші бір есептен алғанда, бұл нағыз мейірбандық демеске əддің жоқ.
Сол күні мұндай жағдай көп болды. Əдетте бұл істі жауынгер кеудеден жараланған кезде ғана жүзеге асырады. Өйткені кукуан найзаларының сүңгісі өткір де жалпақ, найза тиген жара əрі терең, əрі аумақты келеді, мұндай жараны емдеп жазу мүмкін емес.
Ауыр жаралы жауынгерлер көбіне ес-түсін білмей жатты; ал есінен танбаған жаралылардың күре тамыры үлкен ептілікпен, əрі тез қиылғандықтан ол байғұстар не боп кеткенін аңдамай да қалатындай. Бірақ осы көріністің өзінің үрейлілігі сондай, Гуд екеуіміз бұдан ары тұруға шыдай алмадық.
Емшінің қанға боялған қолындағы өткір кездік күре тамырларды орып жатыр, орып жатыр, жаужүрек ерлердің жан азабын тоқтату үшін жасалған осы бір қорқынышты операция кезіндегідей ауыр хəлді мен бұрын-соңды бастан өткергем жоқ. Тек бір-ақ рет, қырғын соғыстан соң, Свази тайпасының адамдары өздерінің ауыр жаралы жауынгерлерін жерге тірідей көміп жатқанын көрген кезде ғана дəл осындай күйге түсіп едім.
Жантүршігерлік істі көрмеу үшін біз қырқаның екінші жақ шетіне қарай беттедік. Бұл жерде қолынан айбалтасын əлі тастамаған сэр Генри, Игнози, Инфадус жəне тағы бір-екі көсем тұрған. Əлдебір аса маңызды кеңес үстінде тəрізді.
Құдайға тəуба, келгеніңіз жақсы болды, Куатермэн, – деді сэр Генри.
Мен Игнозидің не істегісі келетінін онша түсінбей тұрмын. Шабуылды тойтардық-ау, бірақ Твалаға жаңадан көп əскер келіп қосылған тəрізді. Бізді қоршап алып, аштан қатырмақ ойда ма деймін.
Олай болса, хəліміз мүшкіл.
Оған күмəн жоқ. Мұның үстіне Инфадус біздің суымыз таусылуға жақын деп тұр.
Иə, су аз, əмірші иелерім, – деді қарт жауынгер. – Бұлақтың суы осыншама адамды қамтамасыз етуге жарамайды, көзі тартылып бара жатыр. Кеш батқанға дейін-ақ шөл азабына ұшырауымыз анық.
Тыңдашы, Макумазан! Сен дана адамсың, өзің келген елде талай соғысқа да қатысқан шығарсың, əрине, сіздер сияқты жұлдыз тұрғындары өзара соғысатын болса. Айтшы, не істеуіміз керек? Твала жаңадан əскер жиды. Ұрыста өлгендердің орнын енді солар басады.
Бірақ Тваланың тұмсығы тасқа соғылды: қаршыға көкқұтаннан таяқ жеймін деп сірə да ойлап па. Біздің өткір тұмсығымыз оның кеудесіне оңбай қадалды, екінші қайтара шабуыл жасауға батылы бармайды. Біз де қажыдық. Енді ол біздің өлімімізді күтіп тыныш қана отырады.
Жыланның өз құрбандығын буып тастайтыны сияқты, бізді берік қоршап алады да, істің ақырын, яғни біздің өз еркімізбен берілуімізді күтіп жата береді.
Түсінікті, – дедім мен.
Сонымен. Макумазан, көріп тұрсың ғой, су жоқ, тамақ аз, сондықтан біз үштің бірін таңдауымыз керек: я өз үңгірінде жатып аштан қатқан арыстанша ажалға мойынсұнып, отыра береміз, я қоршауды бұзып, солтүстікке жол ашуға тырысамыз. Немесе, – Инфадус орнынан көтерілді де, иін тіресе қатар түзеп, көз көрім жерді түгел алып тұрған жау əскерін нұсқады, – тəуекел деп мыналарға қарсы шауып, Тваланы тура тамақтан аламыз. Инкубу – нағыз баһадүр. Бүгін ол торға ілінген буйволша арпалыса шайқасты, Тваланың талай адамы бұршақ соққан жас бидайдай жапырылып, оның балтасының астында жер құшты.
Инкубу: “Шабуыл!” дейді. Піл қашанда шабуылды сүйеді. Кəрі Макумазан, көпті көрген, басынан талай сұмдықты өткерген қу түлкі, үнсіз шағатын, шаққан жерін өртеп түсетін улы жылан Макумазан не айтар екен? Шешуші сөз, əрине, Игнозидікі, өйткені ол – король, король айтқан сөз қалт етпей орындалады, бірақ алдымен, о,
Макумазан, сенің сөзіңді жəне Шыныкөздің сөзін естіп алғымыз келеді.
Ал сен не айтасың, Игнози? – деп сұрадым мен.
Жоқ, жан əке, – деді біздің бұрынғы қызметшіміз, ал қазір жабайы үлгідегі салтанатты əскери киім киініп, мұздай құрсанған жауынгер- король, – алдымен сен сөйле, мен тыңдаймын. Сен данасың; сенімен салыстырғанда мен əлі тілі шықпаған бала сияқтымын.
Игнози осыншама өтінген соң мен Гудпен жəне сэр Генримен шұғыл ақылдасып алдым да, өзімнің пікірімді айттым. Қоршауда отырмыз əрі су тапшы, сондықтан біздің өзіміз Твалаға қарсы шабуылға шығуымыз керек. Жəне кідірмеуіміз қажет дедім мен. “Бойымыздағы жара қара қотырланбай”, саны басым əскердің айбарынан біздің жауынгерлердің жүрегі “отқа түскен майша ерімей” тұрғанда қару сілтеп баққан жөн.
Əйтпесе дедім мен, кейбір сардарларымыздың көңіліне қобалжу енуі, енді біреулерінің, тіпті Тваламен қайтадан тіл табысып, бізді сатып кетуі де ықтимал.
Менің пікірімді жұрттың бəрі үлкен ықыласпен, мақұлдай отырып тыңдады. Айта кетейін, бұдан бұрын да, бұдан кейін де менің кеңесімді ешкім кукуандар құсап құрметпен, ілтипатпен тыңдап көрген жоқ.
Алайда ең соңғы сөз Игнозиге тиесілі еді. Заңды король деп танылғаннан бері мүлде тежеусіз дерліктей билікке ие болған Игнози əскери істе де шешуші роль атқаратын. Бəріміз соның аузына қарап, тына қалдық.
Сірə, қазіргі жағдай туралы ойлана түскісі келсе керек. Игнози біраз уақыт үнсіз тұрды.
Ақ түсті жаужүрек достарым Инкубу, Макумазан жəне Бугван! Жəне сен, менің əкемнің інісі Инфадус жəне сендер, сардарлар! – деді содан соң. – Мен мынадай шешімге тоқтадым: Твалаға бүгін шабуыл жасаймыз жəне менің тағдырым, менің өмірім, иə, менің өмірім, менің ғана емес, осы тұрған бəріміздің өміріміз осы соққының нəтижесіне байланысты. Тыңдаңдар менің шешімімді. Көріп тұрсыңдар ғой, біз
бекінген қырқа жаңа туған ай сияқты иіліп біткен, иіннің қақ ортасы көк жамылған тілдей қолат.
Иə, солай, – дедім мен.
Былай болсын, – деді Игнози сөзін жалғастырып. – Қазір тал түс. Жауынгерлеріміз ас ішіп, əл жиып, ауыр ұрыстан соң біраз тынықсын. Күн көк өрлеген жолынан тайып, төмен құлап, ұясына қонуға тақаған кезде сенің полкің, Инфадус, соңынан тағы бір полк ертіп, еңістегі жасыл қолатқа түседі. Мұны көре салысымен Твала сенің жауынгерлеріңді қырып салмақ болып, өз əскерлерін шабуылға шығарады. Бірақ жер тар, жау əскері бір мəрте шабуылда саған қарсы бір полктен артық əскер жұмсай алмайды. Сенің жауынгерлерің оларды бірінен соң бірін харап ете бермек. Тваланың бүкіл əскерінің бар назары осы ұрысқа, бұрын-соңды адам баласы көрмеген ұлы шайқасқа ауады. Сенімен бірге, Инфадус, майданға менің досым Инкубу шығады. Инкубудың Сұр сарбаздардың ең алғы қатарында, кесе-көлденең келген жұртты баудай түсіріп, жарқ-жұрқ етіп ойнаған айбалтасын көрісімен-ақ Твала дүниеден күдер үзе бастайды, көңіліне қорқыныш енеді, ойына қайғы түседі. Мен сенің арт жағыңда тұратын екінші полкті бастаймын. Егер Сұр сарбаздар түгелімен харап болса, ал бұл əбден ықтимал нəрсе, артта король бар, қалған əскер өздерінің королі үшін шайқасты одан ары жалғастырады.
Менің қасымда дана Макумазан жүреді.
Жақсы, о, король! – деді өзінің полкінің құрбанға шалынып, біржола жойылатын іске жұмсалған хабарын салқын сабырмен тыңдаған Инфадус.
Шынында да, кукуандар – ғажайып халық. Азаматтық борышын өтеу жолында олар ажалдың өзінің бетіне күле қарайды.
Тваланың бар əскерінің назары осы шайқаста болып тұрған кезде біздің тірі қалған жауынгерлеріміздің үштен бірі, яғни алты мыңдай адам қырқаның оң жақ жотасын тасалана еңбектеп, төмен түседі де, Твала армиясының сол қанатына бас салады, ал тағы да алты мыңдай сарбазымыз қырқаның сол жақ жотасын тасалап келіп, жаудың оң қанатына қарсы шабады. Екі жақтан бірдей еңіске түскен əскеріміз шабуылға əзір болған сəтте мен Твалаға тура қарсы беттен тиісем. Егер жолымыз ашылып, бағымыз жанса, жеңіске жетеміз, түн өзінің қара
өгіздеріне мініп, тауды басып өткенше жанымыз жайланып, Луу шаһарында отырамыз. Енді ас ішіп, əл жиып алайық, ұрысқа сайланайық. Ал сен, Инфадус, менің жарлықтарымның нақпа-нақ орындалуын қадағала. Иə! Менің ақ түсті əкем Бугван жарқыраған шыны көзінің нұрымен жолында кездескен дұшпан атаулыны жайратып, достарының күшіне күш, қайратына қайрат қосып, оң қанаттағы əскермен бірге аттансын!
Бұл шұғыл бұйрықтар адам айтқысыз тез арада жүзеге асып жатты. Осының өзінен-ақ Кукуанстанда əскер ісінің қаншалық шебер ұйымдастырылғанына тағы бір рет көзім жеткендей болды.
Арада бір сағат өтер-өтпесте жауынгерлерге тамақ дайындалып берілді (алдына тартылған асты жұрт сол сəтінде-ақ орнына келтірді), əскер үш лекке бөлінді, үлкенді-кішілі сардар атаулыға шабуыл жоспары нақтап түсіндірілді. Сөйтіп, тез арада он сегіз мың жауынгерден құралған армия соғысқа сақадай сай болды. Жаралыларды күтуге қалған аз күзетші болмаса, алдағы шабуылға біздің бар əскер жұмылған.
Осы кезде Гуд келіп, сэр Генри екеуміздің қолымызды алды.
Хош болыңдар, достарым, – деді ол. – Бұйрыққа орай мен оң қанатпен бірге аттанам. Сендермен қоштасуға келдім. Бəлки, енді қайтып көріспеспіз, – деді содан соң сөзіне ерекше мəн-мағына бере сөйлеп.
Біз үнсіз күйде қол қысып, осындай сəттерде ағылшындар ұстанатын рəсім бойынша жан толқынысына көп ерік бермей, сабырмен қоштастық.
Біздікі тəуекелдің ісі, – деді сэр Генри, құлаққа жайлы қоңыр даусы болмашы дір етіп. – Шынымды айтсам, ертең шығатын күнді көрем деп үміттенбеймін. Мен қосылған Сұр сарбаздар полкі қалған əскер қырқадан көзге шалынбай аман түсіп, Тваланың қалың қолын айналып өтіп, жауға тұтқиыл шабуыл жасауға мүмкіндік алғанға дейін соғысуға, яғни бірі қалмай қырылғанға дейін шайқасуға тиіс. Несі бар, солай-ақ болсын! Қайткенде де бұл – ерге лайық ер өлімі! Хош болыңыз, қартым, – деді ол маған қарап. – Тəңір жар болғай! Сіз осы хикметтердің бəрінен аман құтылар, тіпті асыл тастарды да қолға
түсірер деп үміттенем. Бірақ, Куатермэн, тағдыр жазып тірі қалсаңыз, əманда есіңізде болсын, мен бір кеңес айтайын: алдағы уақта таққа таласқан үміткерлерден аулақ жүріңіз.
Гуд қолымызды қатты қысып, бізбен екінші қайтара қоштасып, жүріп кетті. Содан соң қасымызға келген Инфадус сэр Генриді Сұр сарбаздар полкінің алдыңғы қатарындағы тиесілі орнына бастап əкетті. Ал мен болсам, көңілімді қайғы құрсаған, ауыр ойлар езген тұнжыраңқы қалыпта екінші лекте шабуылға шығуға тиіс полкке барып, саптағы өзіме лайықталған орынға тұрдым.
тарау
Do'stlaringiz bilan baham: |